Accessibility links

Назарбаев "Нұр Отанды" экзит-полдағы жеңісімен құттықтады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жиынында сөйлеп тұр. Астана, 25 қараша 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жиынында сөйлеп тұр. Астана, 25 қараша 2011 жыл.
"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлау өткен соң, қаңтардың 15-інен 16-сына ауған түні "Нұр Отан" партиясының республикалық сайлауалды штабына барып, партияны экзит-пол нәтижесі бойынша жеңіске жеткенімен құттықтады" деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Назарбаев штаб мүшелері, партиялас серіктестері, сенім берілген адамдары, жұртшылық өкілдері және волонтерлермен кездескен. Президент экзит-пол нәтижелері бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындылары жарияланған жаңалықтардан соң жиналған жұрт алдында сөз сөйледі.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент: "Қазір ғана біз экзит-полдың нәтижелерін біліп отырмыз. Біздің партия сенімді нәтижелерімен, үлкен айырмашылықпен жеңіске жетті. Бұл біздің бағдарламамыз, біздің жүргізген жұмыстарымыз халықтың қолдауына ие болғанын білдіреді" деген.

Азаматтардың "тұрақтылық, тыныштық, толеранттық үшін дауыс бергенін" айта келе Назарбаев:

- Тіпті Жаңаөзендегі оқиға бізді одан әрі біріктірді. Жаңаөзендіктердің өздері де өте белсенді дауыс берді, олар да біздің бағытымызды қолдады деп сенемін. Бұл қазақстандықтардың топтасқанын, олардың тұрақтылықты сақтауға деген ықыластарын білдіреді, - деген.

Кеше сайлау аяқталған соң "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы парламент мәжілісіне кезектен тыс өткен сайлаудың экзит-пол нәтижелерін жариялаған. Оның қорытындысы бойынша "Нұр Отан" - 81,3 пайыз, "Ақ жол" демократиялық партиясы - 7,2 пайыз, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы - 7,1 пайыз, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы - 1,5 пайыз, "Ауыл" социал-демократиялық партиясы - 1,2 пайыз, "Әділет" демократиялық партиясы - 0,9 пайыз, Қазақстан Патриоттар партиясы - 0,8 пайыз дауыс алған.
XS
SM
MD
LG