Accessibility links

Румыния шерушілерден шектен шықпауды сұрады


Румыния премьер-министрі Эмил Бок.

Румыния премьер-министрі Эмил Бок.

Румыния үкіметі елде қатаң экономикалық шараларға байланысты күшейіп бара жатқан наразылық шараларына қалай жауап беру туралы төтенше жиын өткізбек.

Ел астанасы Бухаресте кеше шерушілер полицияға тас лақтырып, қарсылық көрсеткен. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Кейбір хабарларға қарағанда, бірнеше ғимарат өртенген.

Румынияның Mediafax агенттігінің хабарлауынша, қақтығыстарда 50 ден астам адам жараланған, 40 адамды полиция тұтқындап әкеткен. Сондай-ақ елдің Клуж, Яссы, Тимишоара қалаларында да бейбіт шерулер өткен.

Осымен төртінші күн шеру өткізіп жатқан демонстранттар өмір сүру стандарттарының төмендеуіне, денсаулық сақтау саласын реформалауға, жеңілдіктердің қысқарып, салықтардың артуына және жемқорлықтың кең тарауына наразылық білдіреді. Олар президент Траян Бэсескудің отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Премьер-министр Эмил Бок шерушілердің наразылық танытуға құқықтары барын айтып, бірақ оларды зорлық-зомбылық танытпауға, керісінше тіл табысуға шақырды.
XS
SM
MD
LG