Accessibility links

"ҚазМұнайГаз": жаңаөзендік 1 710 мұнайшы жұмысқа алынды


Маңғыстау облысында жұмыстан босатылған мұнай компаниясының 1 мың 710 жұмысшысы жұмысқа қабылданды деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясы.

Бүгін Ақтауда брифинг өткізген "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясының атқарушы директоры Алик Айдарбаевтың айтуынша, "Өзенмұнайгаз" және "Қаражанбасмұнай" компанияларының жұмыстан босаған мұнайшыларын жұмысқа тұрғызу үшін екі компания құрылған. Ол "жұмысқа алынғандардың барлығы Жаңаөзен қаласының тұрғындары екенін, бұрғылау компаниясының Жаңаөзенде, ал көлік компаниясының Ақтауда жұмыс істейтінін" айтты.

Алик Айдарбаевтың айтуынша, "босатылған жұмысшыларға мамандығы, я кәсібіне қарамастан бұрынғыдай жалақы төленеді, Жаңаөзендегі оқиғаларда зардап шеккен тоғыз мұнайшының отбасыларына материалдық көмек беріледі".

Өткен жылдың мамыр айында "Өзенмұнайгаз" жұмысшыларының бір бөлігі ереуілге шыға бастаған. Бұдан соң "Қаражанбасмұнай" мен оның серіктестері - "АрғымақТрансСервис" және "ТұлпарМұнайСервис" компанияларының жұмысшылары да ереуілге шыққан. "Рұқсат етілмеген ереуілге шықты" деген себеппен 2 мыңға тарта жұмысшы жұмыстан босатылған еді.
XS
SM
MD
LG