Accessibility links

Қазақстанның «Жабайы Батысы»


Сайлау участкесіне келген сайлаушылар. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.
Сайлау участкесіне келген сайлаушылар. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.

Жаңаөзендегі толқудың себебін Батыс жұртшылығына тек саясаткерлер ғана емес, қазақстандық ғалымдар да «дұрыс түсіндіруге» тырысып жатыр. Жалақы үшін жан алысып, жан беріскен аз санды мұнайшылардың «тар мақсатты мүддесіне» бола елдің тыныштығын шайқалтуға болмайды дейді қазақстандық сарапшы.


«БОЛМАШЫ ТҮСІНІСПЕУШІЛІК»

Registan.net (Регистан.нет) интернет басылымы қаңтардың 14-де Корнелл университетінде докторлық қорғаған Әлима Бисенованың "Қазақстанның "Жабайы Батысы": ұмтылыс пен үміт дағдарысы" атты мақаласын жариялады. Мақала авторы Жаңаөзендегі толқудың салдарын бүкіл ел жіті бақылап отыр деп жазады. Қазақ елі бұған дейін тұрақты тыныш ел ретінде танылып келгеніне қарамастан қоғамда наразы топтар көбейіп бара жатыр. Оның топшылауынша Жаңаөзен оқиғасын дәл анықтап, қақтығыстың себептерін дөп түсіндіріп беру өте қиын.

Желтоқсанның 16-сы күні шырқау шегіне жеткен Жаңаөзен оқиғасында жаншылған мұнайшылар мен жұмыс беруші «ӨзенМұнайГаз» және «ҚазМұнайгаз» компаниялары сол аймақтағы жалпы өндірістік қиыншылықтардың құрбаны болған. Автордың пайымдауынша, бірнеше адамның өмірін қиған бұл жанжал болмашы ғана түсініспеушіліктен туындаған.

БӘРІН БҮЛДІРГЕН СОКОЛОВА

Мұнайшылар мүддесін қорғаған заңгер Наталья Соколова оларға жалақы жартылай ғана төленіп жатыр деп жалған ақпарат берген. Соның кесірінен жұмысшылар аймақтағы қиындық пен жұмыстың ауырлығына байланысты қосымша төленуі тиіс жалақыларын даулап, бірнеше мәрте соттасқан. Шындығында оларға тиісті еңбекақы дұрыс төленген деп есептейді Әлима Бисенова.

Автор 16 желтоқсанда мұнайшылардың алаңдағы толқуы мен қаладағы басқа да әрекеттер туралы таратыла жазады. Оның айтуынша, полиция: «Шерушілер бізге қарсы оқ атты. Сондықтан бізге және бейбіт тұрғындарға қауіп төнді» деп мәлімдеген.

«АУЫЛДАН КЕЛГЕН МӘДЕНИ КАПИТАЛСЫЗ ЖҰРТ»

Әлима Бисенованың жазуынша, Жаңаөзендегі шиеленістің түпкі себептері әртүрлі. Дегенмен, даудың басы - жақсы жалақы мен мұнайға талас. Қазақстанда әл-ауқаты орта деңгейдегі адамдардың жағдайы ақырындап жақсарып келе жатса да, тұрмысына ырза емес халық та баршылық. Қазақстандағы тұрмысына ырза еместердің бір бөлігі, Батыстың атақты оқу орындарында мемлекет есебінен оқып келген жас мамандар. Олар еліне оралған соң дамыған шетелдерде төленетін жоғары жалақыны талап етеді. Олардан бөлек кәсіби шеберліктері нашар оралмандар мен ауылдан келген мәдени капиталы жеткіліксіз жұмысшылар. Олар мұнай өндірісіндегі жақсы жалақыға қол жеткізу үшін кішкентай қалаға жан-жақтан ағылып жатыр деп жазады ол.

Автордың дәлелдеуінше мұндағы мұнайшылардың жалақысы соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп отырған. Мұнай өндірісінің СССР кезіндегі межеден асып кеткендігіне қарамастан Жаңаөзен халқы соңғы 20 жыл ішінде екі есеге, яғни 60 000-нан 120 000-ға көбейіп кеткен. Бұл қалаға қажетті тауырдың бәрі сырттан тасылатын болғандықтан бағалар өте қымбат. Одан бөлек баспана мәселесі өте қиын. Ауылдан келген көптеген жұмысшылар мәдениетсіз, әрі кәсіби шеберлігі ақсап жатады. Үкімет пен «ҚазМұнайГаздың» оларды қоғамға бейімдеп, кәсіби деңгейлерін көтеруге әрекеттенуі кемшін болып шықты деп баға береді автор.

«МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ҰСАҚ-ТҮЙЕК МҮДДЕЛЕРІ»

Мақала авторының пайымдауынша, көптеген оппозициялық топтар елдің ішінде болсын, шет елдерде болсын, жеңген жақтың жалауын көтеруге дайын отыр. Олар билікке өкпелі кез-келген ұйымның сөзін сөйлеп, сойылын соғуға бейіл. Себебі олардың барлығы да қазіргі режимге қарсы. Сондықтан да қазақ тіліндегі вебсайттарда пікір жазушылардың басым көпшілігі қаза болып, қиыншылыққа душар болған мұнайшыларға жаны ашығаннан көрі, оларды сылтау қылып билікті жұлқып қалуға тырысады.

Автордың ойынша, қазір Қазақстандағы интернет қауым мұнайшылардың талабы қаншалықты әділ деген мәселені қызу талқылап жатыр. Зерттеуші сілтеме жасаған базбір қазақ комментаторлары мен сарапшылары үкімет Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартқан сайын керісінше ол жердегі ахуалды шиленістіре түседі. Себебі ондағы халық осыдан соң талап қоя беретін болып жаман үйреніп алады деп санайды екен. Мұндай жағдайда Қазақстан үкіметінің елдің тыныштығы мен тұрақтылығына жұмсаған күш-қуаты мен қажыр-қайраты жете бағаланбай қалмауы керек деген тұжырым жасайды автор.

Тұрақтылық, бейбітшілік және тәртіп елдің тек қана сыртқы имиджі емес, бұл құндылықтар (автор оған «моральдық тәртіп» деген жинақы атау беріпті) әл-ауқаты орташа халықтың өміріне кепіл болатын негізгі іргетас. Сондықтан Қазақстанда көптеген халық ұлтаралық қақтығыс, тағы басқа жанжалдар ұсақ-түйекке бола даурыққан мұнайшылар ереуілінің құралына айналып кетпеуі керектігін жақсы түсініп отыр деп жазады ол. Мұндай «тар мақсатты азғантай топтың» мүддесі үшін тұтас елдің амандығын қауіп- қатерге байлау дұрыс емес деп санайды қазақстандық сарапшы.
XS
SM
MD
LG