Accessibility links

Тәжікстан Қытайға жалға жер беретін болды


Тәжікстанның картасы.

Тәжікстанның картасы.

Тәжікстанның ауылшаруашылық министрлігінің өкілі Нарзулло Додобоев Қытай фермерлеріне елдің оңтүстігінен жүздеген гектар ауылшаруашылық жерлері жалға берілетінін хабарлады.

Министрлік өкілі жалға берілетін ауылшаруашылық жерлер қазір пайдаланылмайтынын және Қытай фермерлерінің ол жерлердің өнімділігін арттыру үшін инвестиция салып, жаңа технологиялар әкелуге дайын екендігін айтады. Оның айтуынша, Қытайдың ресми орындарымен жасалған келісімге сай Қытай фермерлері Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон провинциясының Руми және Яван аудандарына 2 миллион АҚШ долларына тең инвестиция салады және өнімдерін Тәжікстанның ішкі нарығына сатады.

Додобоев жалға беру ұзақтығы жерлердің пайдалану түріне қарай екі жылдан бес жылға дейін екенін айтты.

Тәжікстандық бірқатар сарапшылар "Қытай Тәжікстанның эрозиядан бүлінген ауылшаруашылық жерлерін қалпына келтіруге мүдделі емес, керісінше Тәжікстан аумағында базаларын салу арқылы ықпалын арттыруды көздейді" дейді.

Бұрынғы ауылшаруашылық министрі Ваххуб Вохидов совет одағы кезінде СССР-дің Қиыр Шығысынан корей фермерлерінің Тәжікстанға келіп күріш өсіргенін және оның тәжік фермерлері үшін жақсы тәжірибе болғанын айтады. Бірақ ол "Қытай фермерлері күріш немесе Тәжікстан үшін жаңа өсімдік түрін өсірмеуі мүмкін" дейді. Оның ойынша, қытайлар Ресейдегідей тек Тәжікстанға келіп, тұрақтап қалғысы келеді.

Тәжікстан үкіметі өткен жылы Қытай фермерлеріне Хатлон провинциясының Фархор ауданынан біраз ауылшаруашылық жерін жалға бермек болған. Бірақ аудан Ауғанстанмен шектесетіндіктен, қауіпсіздік мәселесіне орай жер Руми және Явон ауданынан белінетін болды.

Душанбе 2011 жылы Тәжікстанның 1100 шаршы шақырым жерін Қытайға берген. Сол даулы келісімнен соң көптеген тәжіктер жерді жалға беруге қатысты кез-келген келісімге күмәнмен қарайды.
XS
SM
MD
LG