Accessibility links

Ресейде саяси тұтқындарды қолдау концерті өтеді


Мәскеудің Сахаров алаңында оппозиция өткізген "Әділ сайлау үшін" деп аталған шеру. Мәскеу, 24 желтоқсан 2011 жыл.

Мәскеудің Сахаров алаңында оппозиция өткізген "Әділ сайлау үшін" деп аталған шеру. Мәскеу, 24 желтоқсан 2011 жыл.

Ресейдің адам құқықтарын қорғаушылары ақпан айында Мәскеуде "Әділ сайлау үшін" деп аталатын шерулерді өткізген соң саяси тұтқындарды қолдау концертін өткізуді жоспарлап отыр.

Ақпанның 4-індегі шеруден соң Мәскеудің Бейбітшілік концерт залына жоспарланған "Сіз бен біздің еркіндігіміз үшін" деп аталатын концертке Ресей жазушысы Виктор Шендерович, бард әншісі Юлий Ким және поп-музыкант Алексей Кортнев қатыспақ. Концерттен түскен қаржы саяси себептермен абақтыда отырғандар азаматтарға көмек ретінде беріледі.

Концертті ұйымдастырушы Михаил Кригер бұл Ресейде адам құқықтарын қорғау ұйымдары бір жылда ұйымдастырған алтыншы концерт болатынын айтады. Кригер "ақпандағы концерттің бұған дейінгі концерттерден өзгеше болатын себебі - елдегі саяси жағдай да басқа" дейді. Оның айтуынша, қазір саяси тұтқындарды босатуды тек бірнеше жүз ғана емес, он мыңдаған адам талап етіп отыр.

Алексей Кортнев "Абақтыда отырғандардың саяси ұстанымдары әртүрлі. Олардың кейбіреуімен келіспей де қаламын. Мысалы, олардың араларында ұлтшылдар мен ұлтшыл большевиктер де бар. Бірақ қалай болғанда да олар саяси көзқарастары үшін сотталмауы керек" дейді.

Ондаған мың ресейлік желтоқсанның 4-інде болған парламент сайлауын "бұрмаланды, әділ өтпеді" деп айыптап, Мәскеу, Санкт-Петербург және бірнеше қалаларда шерулер өткізген.
XS
SM
MD
LG