Accessibility links

Saule540, аман болыңыз



Құрметті Saule540, сіз жариялаған осы видео арқылы халықаралық қауымдастық 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі ереуілшілерге қалай оқ атылғанын көрді. Сіз түсірген видеокөріністер тек қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл әлемді шошытты.

Қазір Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаларға қатысты тергеу жүріп жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза болған.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов желтоқсанның 21-і Вашингтонда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Маңғыстаудағы толқуларға қатысты ресми пікір білдіріп, сіздің видеоңыз туралы:

– Бұл, әлбетте, жан шошырлық видео көріністер екен. Бұл жөнінде сізге анық ештеңе айта алмаймын, қайдан шыққан, кім түсірген, тағысын тағы. Бұны талқылау - сарапшылардың ісі, - деді.

Жаңаөзен қаласының коменданты және Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Аманжол Қабылов желтоқсанның 26-сында үкіметтің баспасөз қызметі ұйымдастырған блог-тур кезінде журналистерге Жаңаөзендегі полицияның ереуілшілерге оқ жаудырғанын пәтер терезесінен видеоға түсірген адамды іздеп жатқанын айтқан.

– Мекен-жайын таптық. Бірақ тұрғындары табылған жоқ, – деген еді Қабылов.

Аманжол Қабылов Жаңаөзендегі полицияның қарусыз қарапайым адамдарды атқаны бейнеленген видеоның иесін не үшін іздеп жатқандарын ашып айтқан жоқ. Қазақстан билігі полицияны кінәлай ма, әлде ол оқиға жайлы видеоны жариялаған Saule540-ты айыптай ма – ол арасы әлі белгісіз.

Saule540, біз сіздің кім екеніңізді, аты-жөніңізді, мекен-жайыңызды, электронды поштаңызды білмейміз.

Бүркеншік атыңызды билік қауіпсіздігіңізге кепілдік берген жағдайда ғана, демократиялық қоғам өкілдері мен бейтарап мамандарды қамтитын тәуелсіз комиссия құрылып, сізді куәгер ретінде шақырса ғана жариялауға болады.

Сіз – 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасының айғағын бүкіл әлемге жария еткен санаулы адамның бірісіз.

Қайда жүрсеңіз де, аман болыңыз!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG