Accessibility links

Мәмбеталин Лондонда қалуға ниеттеніп отыр


"Руханият" партиясының бұрынғы жетекшісі Серікжан Мәмбеталин.

"Руханият" партиясының бұрынғы жетекшісі Серікжан Мәмбеталин.

Парламент сайлауынан шеттетілген "Руханият" партиясының бұрынғы жетекшісі Серікжан Мәмбеталин Азаттық радиосына өзінің Лондонда екенін және Қазақстан үкіметінің қудалауынан қауіптенетіндіктен жақын арада оралмайтынын хабарлады. Ол өзінің Лондонда екенін алғаш "Фейсбуктегі" парақшасында жазған болатын.

Мәмбеталин партияның парламент сайлауынан шеттетіліп, өзінің басшылықтан алынғанына наразылық ретінде Астанадағы мешіттердің бірінде аштық жарияламақ болған. Бірақ кедергілерге тап болғаны жайында ол былай дейді:"Билік өздерінің нөкерлерін сол мешітке арандату мақсатында жіберумен шектелмей, оған қоса, мешіттің бас имамына қысым көрсету арқылы мені мешіттен шығарып жіберді. Ал Астана қаласындағы мешіттің есігі мен үшін жабық болғаны анықталды. Аштығымды тоқтатуға мәжбүр болдым, ізімнен қалмады, тыныштық бермеді, сол себептен өткен аптада Лондонға жанұяма баруды жөн санадым".

Оның пікірінше, Владимир Козлов, Игорь Винявский мен Серік Сапарғали сияқты оппозиция өкілдерінің тұтқындалуы Қазақстанда қуғын-сүргіннің күшейгенін көрсетеді.

"Соңғы екі күнде орын алған жағдайларға байланысты, Мұхтар аға өз үрейін жасырмады. Владимир Козлов, Игорь Винявский және Серік Сапарғали сияқты азаматтардың қамауға алынуы жағдайды одан да ушықтырып жібергені анық, бәлкім, менің де үстімнен іс қозғау туралы бұйрық түскен де шығар. Сондықтан, қашан оралатыным белгісіз" дейді Мәмбеталин. Ол Шахановтың елге келмеу туралы кеңес бергенін айтады.

Мәмбеталин "Фейсбуктағы" парақшасында биліктің Жаңаөзен оқиғасына қатысты бар кінәні ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп келе жатқан қоғамдық белсенділерге жабуға тырысатынын ескерткен.

"Руханият" партиясы Жаңаөзендегі қарусыз адамдарға қарсы оқ атылғанын алғашқылардың бірі болып сынаған. Осыдан кейін партияның бұрынғы басшысы Алтыншаш Жағанованың ұйымдастыруымен Серікжан Мәмбеталин партиядан шеттетілген болатын.
XS
SM
MD
LG