Accessibility links

HRW: Оппозиция белсенділері босатылсын


Human Rights Watch ұйымының белгісі.
Human Rights Watch ұйымының белгісі.
Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Вотч") ұйымы Қазақстандағы оппозиция өкілдеріне жасалған тінту мен тұтқындау шараларын айыптады.

Ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде бұл ұйым "Қазақстан үкіметі оппозиция белсенділері мен билікті сынайтын өзге де адамдарды қудалау үшін қолдан қылмыстық іс қозғауды дереу тоқтатуы керек" дейді.

"Билік Жаңаөзендегі оқиғаларды тыңғылықты және ашық түрде тексеруге уәде берген. Бірақ оппозиция белсенділерін әдейі тергеп, тұтқындау шаралары үкімет тек сыни пікір айтатындарды тұншықтырғысы келеді деген ойға жетелейді" дейді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон. Оның айтуынша, соңғы күндердегі тінту, тұтқындау әрекеттері Жаңаөзен оқиғасын тексеру жұмыстарына көлеңкесін түсіреді.

HRW тұтқындалғандарға тағылған "әлеуметтік жік тудырды, араздықты қоздырды" деген айыптар түсініксіз және екіұшты, олар дереу босатылуы тиіс деп санайды. Мәлімдемеде Қазақстан үкіметінің тұтқындалған белсенділердің қандай заңды бұзғандығы турасында және тергеу барысы жайлы әзірге ақпарат бермей отырғаны атап айтылады.

Қаңтардың 23-інде ҰҚК тіркелмеген "Алға" партиясының кеңсесі мен партия белсенділерінің үйлерінде тінту жүргізіп, партия жетекшісі Владимир Козловқа "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айып тақты. Осындай айыппен саяси белсенді Серік Сапарғалиев та тұтқындалды.

Сол күні оппозициялық "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявский де ұсталып, оған қарсы "мемлекеттік құрылысты күшпен құлатпақ болды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Жоғарыда аты аталған азаматтар қазір ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.

ҰҚК тексеру шараларының Жаңаөзен қаласы прокурорының Айжангүл Әмірованың қылмыстық ісі аясында шығарған санкциясы бойынша жүргізіліп жатқанын айтады.
XS
SM
MD
LG