Accessibility links

"Лада": Жаңаөзен полицейлері әріптестерін соттауға наразы


Жаңаөзен қаласындағы біраз полицей егер 16 желтоқсандағы оқиғаларда "қызмет бабын асыра пайдаланды" деп қылмыстық іс қозғалған үш әріптесі сотталатын болса, онда қызметінен кетуге даяр деп жазады аймақтық "Лада" газеті.

Басылым Жаңаөзендегі оқиғаларда 30-дан астам полицей жараланғанын, қала коменданты Аманжол Қабыловтың журналистерге "бұзақылар таяқ, жанғыш бөтелке, тіпті атыс қаруын қолданды" деп айтқанын да жазады.

"Біз тек өз міндетімізді орындадық. Егер біздің әріптестерімізді соттаса және осындай жағдай қайталана берсе, онда құқық қорғау органы қызметкерлерінің өз қаласын қорғауға ынтасы болмайды. Бәрінің отбасы бар, ешкімнің сотталғысы келмейді" деген полицейлердің сөзін келтіреді "Лада".

Жаңаөзен мен Шетпеде 16-17 желтоқсан күндері болған оқиғалар мен оның салдарынан ресми мәлімет бойынша 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланды. Бейресми мәліметтер қаза тапқандар саны бұдан көп екенін айтады. Желтоқсанның 17-сі күні енгізілген төтенше жағдай мерзімі қаңтардың 31-іне дейін ұзартылды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Жаңаөзендегі оқиғаларды ұйымдастырған деген 40 адам анықталып, олардың 18-і тұтқындалған. Ал желтоқсанның соңында бас прокуратура үш полицейге қатысты Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сындағы оқиғаларда "қару немесе арнайы құралдарды қолданып билікті және лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалануға" қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған.
XS
SM
MD
LG