Accessibility links

ТШО мердігері жұмысшыларын жатақтан қуып жатыр


Сенбінің кешінен бері Атыраудан 380 шақырымдағы Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясының бас мердігері «Сенімді құрылыс» компаниясының жұмысшылары еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру талабымен ереуілдерін қайта жалғастырғанын хабарлайды Азаттық тілшісі.

Наразылық акциясындағы жұмысшылар өздерін "Сенімді құрылыс" басшылары "жұмысқа шықпасаңдар, кеніш басындағы жатақты босатыңдар" деп далаға қуып жатқандығын айтқан.

Жұма күні компанияның бас менеджерлері Иф Шалма мен Емир Өзтүрік және ТШО-ның бірнеше өкілі жұмысты тоқтатып қойған жұмысшылармен келіссөздер жүргізіп, жалақыны 25 пайызға көтеруге уәде еткен.
Вахталық әдіспен 1 ай жұмыс істеп, 1 ай бос болатын жұмысшыларға екі айға 70-80 мың теңге төленіп келген.

«Жалақының 150 мың теңгеге дейін көтерілуін талап етіп отырмыз. Басшылық уәде еткен 25 пайыз оған жетпейді» деген жұмысшылар наразылықтарын қайта бастаған. Енді «Сенімді құрылыс» компаниясының басшылары жұмысты тоқтатқандарға кеніш басындағы жатақтан шығасыңдар деген. Атырауда бұл күндері қатты аяз болып, боран соғып тұр.

Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясының бас мердігері «Сенімді құрылыс» компаниясының құрамында 9 кәсіпорын бар, оларда барлығында мыңға тарта адам еңбек етеді.
XS
SM
MD
LG