Accessibility links

Винявскийді үйқамаққа ауыстыруды сұрады


"Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявский.

"Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявский.

"Журналистер қатерде" қоры екі айға қамалған "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявскийді үйқамаққа ауыстыруды сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында қор президенті Рамазан Есіргепов Винявскийдің әйелі Лания Винявскийден тергеу орындарына оның ісіне қатысты үйқамаққа ауыстырған жағдайда журналистің ешқайда кетіп қалмауына кепілдік беретіні туралы хат беріп жібергенін айтты. Лания Винявский күйеуінің тергеуден жалтармайтынына "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының президенті Тамара Қалеева мен Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың да кепілдік беретінін жеткізді.

Игорь Винявскийдің әйелі Лания Винявскийдің айтуынша, 27 қаңтарға дейін оны күйеуімен кездестірмеген. Бірақ Винявскийді абақтыда азаптап жатқаны турасында Рахат Әлиев интернетте хабар таратқан соң Лания Винявскийге тергеушілер хабарласып, күйеуімен кездесуге шақырған. 27 қаңтарда әйелімен кездескен Игорь Винявский мұны жоққа шығарған.

Игорь Винявскийді қаңтардың 23-і күні ҰҚК қызметкерлері тұтқындап, оған "мемлекеттік құрылысты күшпен құлатуға шақырды" деген айып тақты. Ал қаңтардың 26-сында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оны екі айға қамауға санкция шығарды.
XS
SM
MD
LG