Accessibility links

Сирия көтерілісшілері Дамаск маңына жетті


Дамаск қаласының шет жағындағы аудан. Сирия, 29 қаңтар 2012 жыл.
Дамаск қаласының шет жағындағы аудан. Сирия, 29 қаңтар 2012 жыл.
Сирияда Башар әл-Асад билігіне қарсы күштердің Дамаск маңындағы аудандарға кіргеніне үш күн болды.

Дүйсенбі күнгі хабарға қарағанда, билік жасағы көтерілісшілермен екі күн соғысып, танк және басқа да ауыр артиллерия қолданып, Дамаскінің шығысындағы Гута ауданын қайтарып алған.

Бүгін Башар әл-Асад әскері билікке қарсы топтың 9 адамын өлтіріп, 45 адамды тұтқындаған. Жексенбі күнгі қарулы қақтығыс кезінде 60 адам көз жұмған еді.

Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Дамаск Мәскеудің сириялық оппозициямен арадағы келіссөзге араласуына келісім берген. Бірақ Сирия оппозициясы кеңесінің бір мүшесі "келіссөз жасау туралы ешқандай шақырту болмағанын, Мәскеу кіріскен кез-келген келісімнен бас тартатындарын" мәлімдеді.

Франция мен Ұлыбритания БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Сирияға байланысты резолюциясына қолдау көрсететінін айтты.

Араб елдері лигасы Қытай мен Ресейді БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қарарын орындауға шақырды.

Сириялық SANA ақпарат агенттігі қарулы топтарды «лаңкестер» деп атап, ол топтың орталық Хомс провинциясынан Ливанмен шекаралас аудандарға қарай тартылған газ құбырын жарып жібергенін хабарлады.

Шетел журналистеріне Сирияға кіруге тыйым салынғандықтан, бұл елдегі оқиғаға байланысты толық ақпарат жоқ.
XS
SM
MD
LG