Accessibility links

Қазақстанның алты облысында жол жабылды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Көлік және коммуникация министрлігінің хабарлауынша, бүгін Қазақстанның алты облысында қатты аяз бен ауа-райының қолайсыздығынан республикалық дәрежедегі алты жолда қатынас тоқтаған.

Ақмола облысынан барлық бағыттарға шығатын жолдар жабылған. Оның ішінде Астана-Ерейментау-Шідерті жолының 159-205 шақырымы аралығында, Астана-Щучинск жолында жолаушы және дизельді көліктеріне жолға шығуға шектеу қойылды.

Ақтөбе облысында Самара-Шымкент жолының 753-1240 шақырымы, Қарабұтақ-Қостанай жолының 1-231 шақырымы және Ақтөбе-Орск жолының 15-135 шақырымы аралығында жолаушылар тасымалдайтын және дизельді көліктерге жолға шығуына тыйым салынды.

Шығыс Қазақстан облысында Семейдің Павлодар облысымен шекаралас бөлігінде Омск-Майқапшағай жолының 733-587 шақырымы, Қарағанды облысында Қызылорда-Павлодар жолының 1066-1135 шақырымы аралығында көліктің барлық түріне жолға шығуға болмайды.

Бұған қоса Солтүстік Қазақстан облысындағы барлық бағыттар бойынша жолаушы және дизельді көліктерге жүруге шектеу қойылып, Павлодар облысынан шығатын барлық бағыттағы жолдар жабылған.

Жамбыл облысындағы "Шақпақ" асуында 70 көлік, 152 жолаушы қарға қамалып қалған. Жолаушылар арасында 25 бала да бар. Қазір облыстық төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары жұмыс істеп жатыр. Адам шығыны жоқ.

Министрлік халықты таяу күндері жолға шықпауға кеңес береді.

Бұған дейін Астана қаласы, Атырау облысының Индер ауданы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында қатты аяздан мектептерде сабақ тоқтатылған болатын. «Қазгидромет» ауа-райын болжау орталығы қаңтардың 31-і мен ақпанның 2-сі аралығында республиканың бірқатар аймақтарында ауа температурасы 33-44 градусқа дейін суытатынын хабарлады.
XS
SM
MD
LG