Accessibility links

"Нұр Отан" жемқорлықтан арылмақ


"Нұр Отан" партиясының жанынан құрылған коррупциямен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес коррупцияға қатысы бар деген күдікпен Жаңаөзен қаласында басшылық қызметте істейтін кейбір шенеуніктерді партиядан шығаруды ұсынды. Бұл туралы "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі хабарлады.

Партия жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімов бүгін Ақтауда өткен партиялық комиссияның отырысында "Партия өз қатарынан жауапкершілікке тартылатындарды шығару керек" деген. Оның айтуынша, Жаңаөзен қаласының басшылық қызметінде отырғандар коррупциямен айналысқандықтан партияның қалалық филиалының беделі түсіп кеткен.

"Нұр Отанның" партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков "коррупциямен айналысқандардың қатарында Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жалғас Бабаханов, қазіргі әкім Орақ Сарбөпеев пен оның орынбасары және қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бастығы бар екенін" айтты.

Қаңтардың 25-і күні бас прокурор Асхат Дауылбаев "Жаңаөзен қаласының бұрынғы және қазіргі әкімдері Бабаханов пен Сарбөпеевтің "Жарылқау" және "Жанашыр" қорлары арқылы қаланың әлеуметтік дамуына бөлінген қаржыны жымқырып келген" деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG