Accessibility links

Берлинде Назарбаевты наразылар және қолдаушылары күтіп алды


Германияда тұратын белсенді Раушан Толғанбаева Берлинде Қазақстандағы қудалауларға қарсы наразылық акциясында. Берлин, 7 ақпан 2012 жыл.

Германияда тұратын белсенді Раушан Толғанбаева Берлинде Қазақстандағы қудалауларға қарсы наразылық акциясында. Берлин, 7 ақпан 2012 жыл.

Германияға ресми сапармен барған Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алу салтанатында германиялық азаматтық белсенділер наразылық акциясын ұйымдастырды. Бұл туралы Азаттық радиосына Берлиннен Раушан Толғанбаева хабарлады.

Толғанбаеваның айтуынша, акцияны ұйымдастырушылар Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларға әділ тергеу жүргізуді, оппозицияны қудалауды тоқтатуды талап еткен. Акция Берлиндегі үкімет үйінің алдында, Назарбаев мінген кортеж келген жерде болған.

Наразылық танытушылардың акциясымен қатар Назарбаевты қолдайтын адамдар тобы да Қазақстан президентін сол жерде қарсы алған.

"Наразылық акциясына қатысушылар шамамен 25-тей адам болдық. Кешкі сағат 5-тен 7-ге дейін үкімет үйінің алдында тұрдық. Сағат кешкі алты шамасында тым жақсы киінген жиыны 40-тан астам қазақ жастары пайда болып, Назарбаевты жалау көтеріп қарсы алды. Бірақ оларға қарағанда біз белсенді болдық" дейді Раушан Толғанбаева.

Оның айтуынша, наразылық акциясына негізінен жергілікті неміс азаматтық белсенділері қатысқан. Жиналғандар Қазақстандағы саяси жағдай туралы айтқан. Ал бұл акцияға немесе оны ұйымдастыруға Еуропада тұратын Қазақстанның оппозициялық саясаткерлері қатыспаған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға сапары бүгін де жалғасады. Енді ол Германия канцлері Ангела Меркельмен кездеседі деп жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG