Accessibility links

IFEX Винявскийді босатуға шақырды


Игорь Винявский, «Взгляд» газетінің бас редакторы. Алматы, 30 маусым 2011 жыл.

Игорь Винявский, «Взгляд» газетінің бас редакторы. Алматы, 30 маусым 2011 жыл.

International Freedom of Expression Exchange ("Халықаралық сөз бостандығын қорғау ассоциациясы" - IFEX) Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтан екі айға қамалған "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявскийді босатуға шақырып, үндеу жариялады.

Ассоциация веб-сайтында жарияланған мәлімдемесінде "Винявскийге қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп санаймыз және істі азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге сай қарауға шақырамыз. Қазақстан қол қойған бұл пакт бойынша халықаралық заң мемлекет заңынан жоғары тұрады" дейді.

Винявскийдің қудалануына ол басқарған газеттің Жаңаөзендегі оқиғаларды хабарлап отыруы себеп болуы да мүмкін деген IFEX Дауылбаевтан Винявскийдің ісін ашық жүргізуді және оған қатысты жаңа материалдарды уақытында жариялап отыруды сұрайды.

"Іс қозғауға себеп болған материалдарға тәуелсіз сараптама жасалу керек. Егер осылай болғанның өзінде іс сотқа жетсе, онда сот отырыстарына жергілікті және халықаралық ақпарат құралдарының қатысуына рұқсат беруді сұраймыз" дейді ассоциация.

Мәлімдемеге сөз бостандығын қорғайтын 29 халықаралық ұйым қол қойған.

Игорь Винявскийді қаңтардың 23-і Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тұтқындап, оған "мемлекеттік құрылымды күшпен құлатуға шақырды" деген айып тақты. Ал қаңтардың 26-сында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оны екі айға қамауға санкция шығарды.
XS
SM
MD
LG