Accessibility links

Сандалбай сөз сайтанауыздан шығады


Оралбай Аманбай Андабаев наразылық танытып жатыр. Ақтөбе, 5 тамыз 2011 жыл

Оралбай Аманбай Андабаев наразылық танытып жатыр. Ақтөбе, 5 тамыз 2011 жыл

«Дарынсыз басшылар еліміздің Бас газетін бейшара күйге жеткізді» деп аталған сұхбат (Рахым Айыпұлы мен Гүлмира Тойболдина, «ДАТ. Общественная позиция» газеті, 08. 02. 2012 ж.) мені де бейжай қалдырған жоқ. Өзім куә болған қайдағы мен жайдағы есіме түсіп, көз алдыма небір көрініс көлденеңдеді.


Міне, Алматыдағы мәдениет сарайы. Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы. Жиналған жұрт мәре-сәре. Қытайдағы, Монғолиядағы, Алманиядағы, Аустриядағы... қазақ қауымдарынан келген өкілдер – қайран қазекемдер бізбен жылап көрісіп, атамекенге оралар күн туғанына шексіз қуанышты.

Сол күні таңертең Алматының әуежайында Монғолиядан келген қандастарымызды қарсы алғанымызда ұшақтан түскен қарттың еңкілдеп дізе бүгіп, жерге маңдайын тигізіп: «Айналайын атамекенім!» деп егілгенде кәрі көздің ыстық жасы бұршақтап төгілгенін көріп, қабырғамыз сөгіле жаздаған. Туып-өскен жерде бейқам тайраңдап жүрген мен Отанның, елдің, жердің, халықтың қадірін біле бермейтінімді сонда түсініп, күпірлігім үшін құдайдан іштей кешірім сұрадым.
Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл.


Ал мынау сұхбаттан Шайынғазы Сейфолла дегеннің «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында «Отан, патриот деген сөзге лайық болу үшін адам осы елде ұзақ уақыт тұрып, ел көрген қиындықтарды бірге көруі тиіс» деген шикі-шірік пікірін біліп, жағамды ұстадым. Оның ойсымағынша, Қазақстанда туып-өспеген қазақта, атамекенін сағынуды былай қойғанда, қазақтығын ойлау деген болмайды екен. Қазақ екенін сезінуі үшін Қазақстанға келіп, ұзақ уақыт тұру, басқа қиырдан әкелінген малша жерсінуі керек көрінеді. Астафыралла!

Иә, мәдениет сарайының шаңырағын шат-шадыман да шалқар сезім кернеп тұрды. Ішкі-сыртқы қазақтар бәріміз көптен күткен тойымыздың құшағындамыз. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті, дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев көңілдене, көсіле сөйлеп, шеттен келген қандастарымыздың, егер жаңылыспасам, төртеуіне «Қазақстан республикасының азаматы» төлқұжатын жұрт алдында тапсырып: - Қашан келсеңіздер де, төріміз дайын. Азаматтықты бірден аласыздар! - деді. Қуатты қуанышпен құшырлана соғылған шапалақ күші салтанат сарайымыздың төбесін көтеріп кете жаздады...

Тағдырдың тауқыметімен жыраққа кеткен қазақтардың аман-есен жүргендерінің өздері, жат жердің топырағы бұйырғандардың ұрпақтары атамекеніне – Қазақстанына көш бетін түзеді. Бұқаралық ақпарат құралдарымыз аңсап келген ағайындарымызды әспеттеп айтып та, жазып та, көрсетіп те айызымызды қандыра бастады. Содан кейін, бірте-бірте... сөз бұзылды, іс іріді.

"Оралмандар" деп аталған қандастарымыз, әкесінен баласы, ағасынан қарындасы айырылып дегендей, республиканың облыстарына пәлен үйлеп жөнелтілтіле салатын болды. Олар барған жерде баспанаға жарымай, жұмысқа орналаса алмай қиналды. Оның үстіне жергілікті әлдебір қаныпезерлер оларды «қытай», «мұңғыл» деп атап, көпе-көрінеу кемсітуді шығарды. Жоғары білімі бар мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, жазушылар бақташы, шопан, пошташы жұмыстарына ғана алынды. Жалпылап айтып отырған жоқпын, алайда көбінесе солай болды.
Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл

Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл


Алматыда да, жер-жерде де желден жүн түткіш алаяқтар оралманды: - Саған азаматтық алып беремін!.. Сенің үй алуыңа көмектесемін!.. – деп алдап, ақшасын қақшып, зым-зия кетіп жатты. Ондай оңбағандық баспасөз бетінде айғақталды да. Бірақ тұтылған, тұтылса да жазаланған ешкім болмады. Қысқасы: оралмандардың көші-қоны алаяқ шенеуніктердің «табыс көзіне» айналды. Оны да жалпылап айтып отырған жоқпын, алайда көбінесе солай болды. Жат елде ондай қулық-сұмдықты көрмеген қандастарымыздың жақсылықтан түңіліп, қайтадан көшіп кеткені, әлі де кетіп жатқаны сондықтан.

Республикамыздың облыстарын аралаған кездерімде, әнеу мақаласымақта айтылғандай, «күнелту үшін келген» оралмандарды көрген емеспін. Керісінше, «екі қолға бір жұмыс» таба алғандары жер емшегін еміп, диқан болып жүр, мал өсіріп, ет, сүт, май, қымыз, шұбат саудасын оңдап, маңайын жарылқан жүр. Негізгі мамандығын көксеп, сұрап қасарысқаны жоқ (оралмандардың қаншасы қандай оқуда, қызметте екенін Рахым Айыпұлы дерек тілімен айтып беріпті). Яғни: «оралмандар бас пайдасын көздеп келді», «оралмандардан Қазақстанға ешқандай пайда болмады», «Жаңаөзендегі оқиғаға оралмандар кінәлі» деген сияқты сандалбай сөздер сайтанауыздан шығып жатыр.

Үкіметтің Жаңаөзен тұрғындарын басқа аймақтарға көшіру сияқты «өміршең мәселені» ойлап тауып, «президенттің тапсырмасы бойынша «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жасап», ол шараға 11,3 миллиард теңге бөлуді көздеуі, меніңше, - «Жаңаөзендегі қантөгіске оралмандар кінәлі» деген дүмбілез пікірді пісіру.

«Нұр» деген сөзді көрінген жерге тықпалау «дәстүрімізше» алыстағы қандастарымыздың атамекенге бет түзеген «Нұрлы көші» осындай қитұрқыға ұшыраумен тежеле бастады. Биліктің «біз білгенді кім біліп жатыр» іспетті бүркемелі саясаты «Егемен Қазақстан» газетінде шайынғазылардың аузымен айтылса, ол саясатты құлыбаев-шүкеев-ертісбаевтар жаңаөзендіктерге таңа бастаса, «Нұрлы көш» тоқтады, басы таудай, аяғы қылдай болды дей берелік.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG