Accessibility links

Біздің бағландар


Қазақ барды Жанат Есентаев маңғыстаулық ереуілші мұнайшыларға арнаған әнін айтып тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақ барды Жанат Есентаев маңғыстаулық ереуілші мұнайшыларға арнаған әнін айтып тұр. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл.

Көзі тірісінде аға дос болған, университет қабырғасында ұстаздық тәлімін берген Оразалы Доспосынов дүниеден озғалы бері айтысқа бармадым.

Бұл Оразалысыз айтыстан мүлдем сапа кетті деген сөз емес. Қым-қуыт тіршілік қой, айтысты тамашалау тұрмақ, қаланың қан базарында жақындарымен жолығудың да реті келмей жатады. Әйтседе, теледидардан көзіміз шалып қалады. Айтыскерлер өзеннің жағасында, бірде таудың етегінде, мешіттің ашылуында, Астанада, Алтайда, Атырауда қысқасы барлық жерде айтысып жатады.

Сосын ақпарат бетінен Қытайда, Францияда айтысыпты дегенді естідік. Жағрафиялық аумағымен қатар айтыстың тілдік аясы да кеңіп, айтқыштардың орысшада көсіле жырлағанын көрдік. Ақыры бір күні айтысты тоқтатыпты. «Билік халық өнеріне бұғау салыпты» деген ақпар лезде тарап, жұрт іші бұны қызу талқыға ала бастады. Пендеміз ғой, тыйым салынған дүниеге қызығушылығын арта түспей ме? «Айтыс Азаттықта» дегенде интернеттен сөз сайысын тыңдауға көштік.

Жуырда арадағы ұзақ үзілістен кейін айтысты тамашалаудың реті келді. Дінмұхамед Меңліахметұлының құрметіне арналған айтыс. Адам қарасы көп. Көрермендер келгендеріне шексіз ырза. Сахнаға көтерілген талапкерлерге қошаметін аямайды. Айтыскерлер құрамы өзгерген. Дәмелі сөзге үйір жастар жағымен толысыпты. Бірақ тек бір ғана нәрсе өзгермепті. Бұрындары айтыстың көркін Оразалы Доспосынов, Дәулеткерей Кәпұлы, Бекжан Әшірбаевтар ашатын. Алайда, бас жүлдені Аманжол Әлтаев алатын. Ал қазір жыр додасын Бауыржан Халиолла, Жандарбек Бұлғақов сынды жігіттер қыздырады екен де, бәйгі әлі де сол Аманжолға тапсырылады екен.

Айтысты біздің бай-бағландар да жақсы көреді екен. Үлескерлерді біраз
Сөз бостандығын өрістететін, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын тәуелсіз газеттер Қазақстан секілді балаң мемлекет үшін өте-мөте қажет.

сенделткен «Нұр-Отанның» экс-басшысы, бұрынғы Алматы облысының әкімі, барлығының атын есте сақтап үлгере алмассың, әйтеуір қарасы қалың атымтай жомарттар төрде отырды. Жүлде қоры да қомақты. Айбергенов өлеңіндегідей жеңгенгеде, жеңілгенге де бәйге берілді. Дәлірек айтқанда, барлық айтыскерлерге бір-бір ат мінгізілді. Іргедегі Ресей көлігінен бастап АҚШ-тың Хаммерына дейін сахнада сән беріп тұрды. Бас аяғы бес көлік. Бұған дейін айтыскерлер жарты сағат жырлап көлік мінеді деген пікірлер айтылатын. Мен бұндай ой айтудан аулақпын. Әркімнің өз еркі, өз құқығы қалтасындағы ақшаны қалай жұмсаймын десе.

Алайда, мынандай да сұрақ туады екен. Қазақ байлары неге айтысқа, ас беруге, күпірлік деп есептемеңіз, мешіт салуға тым әуес?

Мысалы, бізде орыс тілінде шығатын тәуелсіз ақпарат құралдары жетерлік. «Республика», «Свобода слова», «Взгляд», тағысын тағы. Сөз бостандығын өрістететін, азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын тәуелсіз газеттер Қазақстан секілді балаң мемлекет үшін өте-мөте қажет.

Елімізде «азаттыққа» қол жеткізгелі бері жалғыз-ақ мемлекеттік тілде тәуелсіз басылым жарыққа шығып келе жатыр. Ол - «Қазақстан» республикалық басылымы. Оның өзі алғашында «Республика» газетінін қосымшасы ретінде жарық көрген. Бұл тұста «Даттың» екі тілде шығатыны ескеріліп отыр. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы болмағанда бүгін іздеп оқитын «Жас Алашыңыз» «Егемен Қазақстаннан» еш айырмасы болмас еді. Мен бұл сөзімді тіке айтысқа қамқор болып жүрген мецанаттарға қаратып айтып отырғаным жоқ. Олардан да басқа қалталы азаматтар бар емес пе?

Біздегі демократияны ту етіп көтеретін орыс тілді тәуелсіз басылымдар қазақ мүддесіне, мемлекеттік тіліне ашық қарсы шығатыны баршаға аян.

Қазақ байлары өз елінің болашағына алаңдаса ашық пікірлер алаңы болатын, ұлттық мүддені қорғайтын газеттердің ашылуына өз септіктерін неге тигізбейді? Я болмаса елдегі демократиялық институттардың қалыптасуына атсалысып жүрген әр саладағы азаматтарға арнайы сыйлық тағайындалса. Мемлекеттің қалыптасуына, шын мағынасында нағыз мемлекетшіл, қазақ қоғамына шынайы жаны ашитын азаматтарға.

Мәселен, Жаңаөзен трагедиясы кезінде өз қызметін адал атқарған Қасым Аманжолұлы. Журналистикалық жолына көз салсаңыз, елге қызмет етуден жалықпаған Қасымды бүгінгі қазақ қоғамы бағалауға тиіс. Саяси мақалалары мен телеөнімдерін айтпағанда, Абай өмірі мен мұрасына арналған «Анық Абай» деректі фильмдер топтамасы - қазақ телевидениесінде бұрын-сонды болмаған ғажап дүние. Қазақ телевидениесінің үлкен олжасы деуге толық негіз бар.

Я болмаса суретші Қанат Ибрагимов. Кейбір өнер адамдары сынды «саясатта шаруамыз жоқ, біз шығармашылықпен айналысуымыз қажет» деп елдегі жағдайға бей-жай қарамайды. «Менім миссиям сурет салумен ғана шектелмеу керек» деген ұстанымда. Суретші «Балық басынан шіриді» деп алаңға шығып балықтың басын балтамен шабады. Осындай флэш-мобтары арқылы ұйықтап жатқан қазақ қоғамын оятқысы келеді. Ана тілінен мақұрым болса да, Жаңаөзенге жібермей қойды деп Алматыға кейбір жазармандардай қайтып кетпей, Ақтауда «Ынтымақ» алаңында тұрған қаражамбастықтардың қасынан табыла білді.

Ақорда президенттік сайлау алдында референдумды ойлап тапқанда, бұл «демократияны жерлеу» деп «Нұр-Отан» партиясының кеңсесі алдында
Елге танымал азаматтар Жаңаөзен халқына ақша аударуға барса, банк қызметкерлері өздерінен-өздері шошып үркіп жүр.

наразылық акциясын өткізген, жаңаөзендіктерге көмектесуге қор құрғандардың қатарынан табылған қазақтың қаршадай ғана қара қызы Инга Иманбай барлық құрметке лайық деп ойлаймын. Жылы ақ сарайдың ішінде емес, мұнайшылар мұңын жаңаөзендіктерді қолдап шыққан қаражамбастықтардың ортасына барып жырлаған бард ақын Жанат Есентаев та еліне адал жан екенін танытты.

«Байдың асын байқұс қызғанады» деп қалмаңыз. Я болмаса бұл азаматтарды мен айтыскерлермен салыстырып жатқаным жоқ. Салыстыруға да келмейді. Қасым, Қанат, Инга, Жанат сынды азаматтар қоғамда бағаланса екен деп ойлайсың. Марапат - биліктің жаршылары мен жандайшаптарына емес, халықтың жанашырларына жасалса дейсің.

Дінді жетік білетіндер «өлген адамға құраннан басқа еш нәрсенің қажеті жоқ» дейді. Қазақ байлары қашанғы ас немесе той жасаудан тыйылады екен?! Қазір тұтас қазақ ұлтының жан жарасы – Жаңаөзен. Ол қалада бір жапырақ нанға зәру қандастарымыз бар. Өткенде теледидардан көзіміз шалып қалды. Елге танымал азаматтар Жаңаөзен халқына ақша аударуға барса, банк қызметкерлері өздерінен-өздері шошып үркіп жүр. Біз өзіміз адамгершілік таныта алмайды екенбіз. Көмек қолын соза алмайды екенбіз. Тым құрығанда бергенін бұлдамай жатқан азаматтарға кедергі жасауды қоймаймыз ғой.

Өткен ғасырдың басында Жетісуда Маман бай балалары мекен еткен еді. Қараңғы қазақ даласына білім сіңіруге, әдебиетін дамытуға, отарлық санадан азат етуші «Қазақ» сынды басылымға қамқор болған еді. «Нұр патша» кезіндегі қазақтардан гөрі ақ патша заманында қазақтар әлде қайда сапалы болған-ау шамасы...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG