Accessibility links

Билікті қорғайықшы!


Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасының ауласында тұрған су шашқыш машина. Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасының ауласында тұрған су шашқыш машина. Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.

...Ұят үйдегі ұят, ауладағы ұят, көшедегі ұят, аутобустағы ұят, аудандағы ұят, қаладағы ұят, облыстағы ұят, Қазақстандағы ұят, Берлиндегі ұят деп сортталады... өйдә-ә-ә... бірін айт та бәрін айт... Берлиндегі ұятты айт!


Сонау бір ғасырда бір данышпан: «Ұяттың үлкен-кішісі жоқ!» депті. Ол да айтқыш екен, ә?! Бірақ, құдай-ау, аузым өзімдікі екен деп, сопақ басыңда бар-жоқты көйіте беруге болмайды ғой! Әне, ол соны ескермеген. Әйтпесе, ол ұяттың, мәселен: үйдегі ұят, ауладағы ұят, көшедегі ұят, аутобустағы ұят, аудандағы ұят, қаладағы ұят, облыстағы ұят, Қазақстандағы ұят, Берлиндегі ұят деп сортталатынын... өйдә-ә-ә... бірін айт та бәрін айт... Берлиндегі ұятты айт!

Бұ немістерді қойсаңшы, Рахымжан Қошқарбаев ағамыздың баяғыда Берлинде болғанын бірі ұмытса, бірі ұмытпай жүр екен. Сол ұмытпағыштардың ағай-тағайларының біреуі ме, әйтеуір, әлдекімі әнеукүні өздеріне құрметті мейман болып барған президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ып-ыстық кездесу үстінде әлгі Жаңаөзен жайында сұп-суық сұрақ қойыпты.

«Өзіңе мұңын шақпақ болған мұнайшыларыңды неге сабаттың?» деген бе, «Кәрі-жас демей, 100 шақтысын жаралап, 17-сін неге аттырып тастадың?» деген бе, әйтеуір, қымыранды ірітетін қырсықты тауып алмақшы болыпты. Ұялсайшы! Сірә, ұяттың сан-сапасынан олардың да хабар-ошары болмаған. Біздің президентте, біздің мұнайшыларда не шаруасы бар?! Кімді сабаттырамыз, кімді соттаттырамыз, кімді аттырамыз, оны өзіміз жоспарлаймыз, өзіміз жүзеге асырамыз, сырттағы ешкіммен ешқашан ақылдасқан емеспіз және ешқашан ақылдаспаймыз да!
«Өзіңе мұңын шақпақ болған мұнайшыларыңды неге сабаттың?» деген бе, «Кәрі-жас демей, 100 шақтысын жаралап, 17-сін неге аттырып тастадың?» деген бе, әйтеуір, қымыранды ірітетін қырсықты тауып алмақшы болыпты. Ұялсайшы!

О, біздің Нұрекең просто Мария... тфу! Осы шетелдік жүзбірдеңе сериялық телефильмдер-ақ... қарап отырып қаңғып кетпесем жарады-ау... біздің президент молодец деймін деп... ол, әрине, молодец, бәлем немістің қисық сұрағына тура жауап тауыпты. Өзім өзінің аузынан естімесем де, жұрттың айтуына сенсем, Нұрекең: «Егер сіздердің 100 мың халқы бар бір қалаңызда елдеріңіздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланғалы жатса, сол үшін халық алаңға жиналған кезде ішімдік ішкен, әдейі әзірленген жастар келіп, адамдарды, полицейлерді ұрып, микрофондарды сындыра бастаса, неміс үкіметі не істер еді? Әрине, азаматтарының қауіпсіздігін қорғар еді. Біз де солай істедік» депті. Қал-л-лай екен?!.

Бірақ, дес бергенде, әлгі сұраққойғыш: «Мұнайшыларды тарпа бас салып атқандарың қалай? Қай елде болсын: әуелі мұздай сумен сабалайтынын, сонсоң көзден жас ағызатын газ шашатынын, одан кейін резеңке оқпен ататынын, оған болмаған жағдайда ғана қорғасын оқпен сыбайтынын білмейсіңдер ме?» деп қолақпандай сұрақты қойып қалмапты. Өйтсе, Нұрекең жауап бере алмай... мә-ә-ә... менің «Берлиндегі ұят» дегенім сонда болатын еді. Бізде ондай қару-сарулар жоқ болғандық бірден «калашниковпен» бытырлатқан. Басқалар болса, соларын бірінен соң бірін қолданбай ма?!

Әлде Ресей ме, Қытай ма, біреуі: «Мен беремін, сатамын» деп, біздің үкімет оған төлер долларды табудың жолдарын жанталаса іздеп, мұнайшыларды жеті ай бойы тостырып, ақырында, доллар іздегені далбаса болған соң, сразу неткен... атқылаған шығар. Қымбатшылықтың құрсауы жыл сайын қусырып, құты қашып, бетін басып отырған елдің үкіметі қайдан бай болсын?! Міне, мен осы мәселені бір тәулік ойлап: Жаңаөзендегі масқара оқиға тағы қайталана қалса, біздің президент халықаралық ұятқа (о, халықаралық ұят та бар!), иә, халықаралық ұятқа ұшырамас үшін бүкіл қазақстандықтар ұйымшылдықты ту етіп, үкіметке әлгі сумен сабалағыш, газшашқыш, резеңке оқ сатып алуына қанша доллар керек болса, соншаны артығымен жиып берейікші! Ал қорғасын оқ өзімде нөпір сияқты. Давай, сөйтейікші! Билікті ұяттан қорғайықшы! Егер Үмбетбай құрдасым қолдап, өзі қолға алып, ертең есеп-шот ашса, мен екіайлық зейнетақымды бүгін беруге дайынмын!

(19. 02. 2012 ж.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG