Accessibility links

Арнайы органдардың «құрал» қолдану аясы кеңейді


Жаңаөзен оқиғасынан кейін қалаға кіргізілген арнайы техниканың бірі. Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасынан кейін қалаға кіргізілген арнайы техниканың бірі. Жаңаөзен, 21 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстанның арнайы органдары туралы заңы мен осы саланы реттейтін өзге де заңдарға өзгерістер енді. Өзгеріс бұл қызметтердің өкілеттігі мен арнайы құралдарды қолдану аясын кеңейте түскен. «Бұл - алаңдатарлық жайт. Бірақ қоғам бұған бақылау жасап отырған жоқ» дейді құқық қорғаушылар.


Жаңаөзен оқиғасынан кейін «Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдары туралы» заңы мен «Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдары жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.

«ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕМЛЕКЕТІ»

Бұл екі заң - парламенттің төменгі палатасы таратылған соң, 2012 жылғы мәжіліс сайлауы өткен қаңтардың 15-іне дейін жоғарғы палата депутаттары қабылдаған заң. Журналист әрі құқық қорғушы Сергей Дуванов бұл құжаттар парламенттің жарты құрамымен ғана қабылдануы мен заңдағы өзгерістерге қатысты «бұл - ешқандай да кездейсоқтық емес, Қазақстанда бола беретін «қалыпты» жағдай» деген пікір айтты.

- Процесс жүріп жатыр және ол Жаңаөзен оқиғасынан кейін ғана басталған жоқ. Бірақ біз оны бүгін ғана анық байқай бастадық. Оған себеп болған Жаңаөзен оқиғасы, - дейді ол.
Сергей Дуванов. Алматы, 10 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Сергей Дуванов. Алматы, 10 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

СССР КГБ-сының және Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) отставкадағы полковнигі Арат Нармамбетов «осындай заңдарды қабылдап, халыққа жария етуге Жаңаөзен оқиғасы ғана емес, одан да үлкен проблемалар, жалпы ел ішіндегі тұрақсыз жағдай ықпал етті» деген пікірде.

СССР КГБ-сында 20 жыл қызмет еткен, ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Уәлихан Қабышев арнайы қызмет туралы заң жобасы ұзақ уақыт талқыланғанын айтады.

- Совет кезінде арнайы қызметті құқықтық тұрғыдан басқару мен оның статусын анықтау түрлі заңдар мен мекеменің өз ішіндегі заң актілері бойынша реттелетін. Ол ешқайда жарияланбайтын. Ал бүгін Қазақстанның арнайы органы туралы заңын парламент қабылдап, ол баспасөзде жарияланып жатса, бұл - алға басқан үлкен қадам, - деді.

АТУҒА КІМ БҰЙРЫҚ БЕРЕДІ?

Қазақстандағы Хельсинки комитетінің төрайымы, құқық қорғаушы Нинель Фокина «арнайы органдар туралы жалпы заңда кемшіліктер бар» дейді. Оның пікірінше, «ең басты кемшілік – заңда бұл органдардың қызметіне бақылау жасайтын азаматтық бақылау институттары немесе қандай да бір бақылау тетігі туралы бір ауыз сөз айтылмағаны».

Қазақстанның арнайы мемлекеттік органдары туралы заңы мен заң актілеріне кейіннен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар құқық қорғаушы Нинель Фокинаны алаңдатады. Оның айтуынша, Жаңаөзен оқиғасынан кейін күн тәртібінде бірінші болып тұрған мәселе - қарусыз, бейбіт халыққа арнайы органдардың оқ атуы.

Нинель Фокина «қару қолдануға қатысты өзгерістер арнайы органдар туралы заңның өзінде емес, оған енгізілген өзгерістердің ішінде айтылған» дейді.
Алматы Хельсинкий комитетінің төрайымы Нинель Фокина баспасөз мәслихатында құқық қорғаушы Евгений Жовтис туралы мақаланы көрсетіп отыр. Алматы, 4 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы Хельсинкий комитетінің төрайымы Нинель Фокина баспасөз мәслихатында құқық қорғаушы Евгений Жовтис туралы мақаланы көрсетіп отыр. Алматы, 4 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бұл өзгерістерде арнайы қызметке қатысты функциялар жеке-жеке көрсетілді. Бұрынғы заңда мұндай болмаған. Атап айтқанда, президенттің күзет қызметі, ҰҚК, сыртқы барлау қызметінің арнайы құрал мен қаруды қалай пайдалана алатыны туралы егжейлі-тегжейлі жазылған. Қаруды қолдану аясы кеңейген. Бұл - алаңдайтын жағдай, - деді ол.

Уәлитхан Қабышев «Жаңаөзен - халықтың жанына түскен жара» екенін, мұнан елдің әр азаматы қорытынды жасауы керек екенін айтады.

- Егер органдарға қоғамдық бақылаудың қажеттігін айтсақ, оны қалыптастыру керек. Мен осы қызмет ардагерлерін еліміздегі арнайы қызмет органдарының тағдырына бейқам қарамауға шақырар едім. Органдарға қоғамдық ұйымдар сияқты тетіктермен ықпал етіп отыру керек, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Нинель Фокина «арнайы қызмет орындарына қоғамдық бақылау жасаудың айқын тетігі болуы керек және ол заңда көрсетілуі тиіс» деп есептейді.

- Бұл жерде көп сұрақ бар. Мәселен, біздің салығымыз біздің қауіпсіздігімізді сақтауға жұмсала ма, әлде өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға жұмсала ма? - деді Фокина.

Ал Арат Нармамбетовтің ойынша, «Арнайы органдар туралы заңда қару қолдануға қатысты бір ауыз сөз қозғалмайды. Ол жақсы емес».

«НАЗАРБАЕВ ҚАУІПСІЗДІГІ КОМИТЕТІ»

Сергей Дуванов «елдегі қауіпсіздік комитеті патшалы Россия кезіндегі патша күзеті қызметіне айналып кеткен сияқты» деген пікір айтады.

- Шындығына келгенде, бүгін ҰҚК «Назарбаевтың қауіпсіздік комитетіне» айналды. ҰҚК-нің беделі кейінгі кезде халық арасында төмендеп кетті, - дейді ол.
ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі, "Қазақстан ҰҚК органдары ардагерлері" республикалық қоғамдық ұйымының жауапты хатшысы - Уәлитхан Қабывшев.
ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі, "Қазақстан ҰҚК органдары ардагерлері" республикалық қоғамдық ұйымының жауапты хатшысы - Уәлитхан Қабывшев.

Уәлитхан Қабышев мұндай пікірге қарсы. Ол «ҰҚК-ні қанша жерден сынасақ та, оның Қазақстан халқының 20 жылдан бері бейбіт өмір сүруіне үлесі бар» деген пікірде.

- Ұлттық қауіпсіздік туралы заңда да, арнайы органдар туралы заңда да ұлттық қауіпсіздіктің барлық түрі атап көрсетіледі. Бірақ «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қай бөлігін кімнің өз міндетіне алатыны ешбір заңда көрсетілмеген, - дейді Нинель Фокина.

«Сондықтан біздегі арнайы қызмет органында заңды басшылыққа алудан гөрі, бірінші кезекте «президент пен президент әкімшілігі не айтса, соны орындау керек» деген түйсінік пайда болады. Өйткені олар президентке, оның әкімшілігіне тікелей бағынышты» дейді ол.

- Азаматтардың бюджет қаржысының қайда бөлініп, қайда жұмсалып жатқанын біліп отыруы үшін мақсаттар мен міндеттердің, тапсырмалардың анық болуын қадағалайтын мемлекеттік бақылау қажет. Бірақ бізде ондай бақылаудың ешқандай үлгісі жоқ. Бақылау болмайынша біз кімнің не істеп, қандай тапсырма орындап жатқанын білмейтін боламыз. Қазір сыртқы жауларды емес, ішкі жауларды іздеуге көп қаржы мен күш-жігер жұмсайтын сияқтымыз. Әрі оны халықтың өз есебінен – төлеген салықтың есебінен жүзеге асырамыз. Бар мәселе - осында.

Бұл тақырыпты Азаттық радиосы дөңгелек үстел басындағы әңгімеде де талқылады.
Оны мына жерден тыңдай аласыз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG