Accessibility links

«Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелері аштық жарияламақ


"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшелері баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.
"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшелері баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.

Бүгін, ақпанның 29-ы Жаңаөзенге барып қайтқан «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшелері 2011 жылы желтоқсаның 16-сы болған оқиғада қаза тапқан адамдардың туыстарына қысым жасалып жатқанын, қала тұрғындары психологиялық және материалдық көмекке зәру екенін айтты.


Комитет мүшелері ереуілшілерге оқ атқан полиция әрекеттерінің толық зерттелмей жатқанына наразылық ретінде аштық жариялайтындарын мәлімдеді.

Белсенділердің жоспары бойынша бұл аштық, егер оқ атуға қатысты тергеу жан-жақты әрі толық жүргізілмейтін болса, 2012 жылдың желтоқсан айының 16-сына соңына дейін созылмақ. Комитет мүшелері аштықты кезектесіп ұстамақ.

ХАЛЫҚТЫ ҚОРҚЫТЫП ТАСТАҒАН

«Жаңаөзен-2011» комитеті Жаңаөзенде ақпанның 24-і мен 28-і аралығында болды. Комитет мүшесі Жасарал Қуанышәлин «аз уақыттың ішінде көптеген жергілікті тұрғындармен сөйлесіп үлгергендерін» айтты.
"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшесі Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.
"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшесі Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.

- Біз Жаңаөзенге барған күннің ертеңінде тұрғындар бізге келе бастады. Олардың басынан кешкен оқиғаларын асықпай тыңдап, жазып алдық. Ол адамдардың әңгімесінің өзі «аза бойыңды қаза» қылады. Сұмдық! Төбе шашың тік тұрады, - деді ол.

Комитет мүшелері Жаңаөзенде "полиция атқан оқтан қаза тапқан азаматтардың" үйлеріне барғанын айтады.

- Біз жас баласынан айырылған ананың үйіне бардық. Ол кісі «азар да безер» болып, жолатпады. «Біз ешнәрсеге араласпаймыз, бізді араластырмаңдар» деді. Қорқытып тастаған. Ал енді басқалары керісінше қаны қарайып, билікке өшігіп отыр, - деді Жасарал Қуанышәлин.

НАРАЗЫЛЫҚ

Комитет жетекшісі Рамазан Есергеповтың айтуынша, келіп, жағдайын айтып кеткен адамдар ертеңінде қайта хабарласып, айтқан сөздерін жарияламауды сұраған екен.

- Оларды желтоқсан оқиғасы кезінде жақындарынан айырылғанына қарамастан тағы қорқытуға көшкен. Тұрғындар қатты қорқып қалған. Оларға тек материалдық көмек емес, психологиялық көмек те қажет, - деді ол.
"Журналистер қатерде" құқық қорғаушы ұйымының директоры Рамазан Есіргепов. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.
"Журналистер қатерде" құқық қорғаушы ұйымының директоры Рамазан Есіргепов. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.

Комиссия мүшелері үкімет күштерінің бұл әрекеттеріне наразылығын аштық жариялау арқылы білдірмек.

- Біз кезектесіп, кезек сайын бес адамнан аштық жариялайтын боламыз. Арасында қоғамдық орындарға барып, жаңаөзендіктерге қолдау білдіру мақсатында флеш-мобтар ұйымдастырып тұрамыз, - деді Рамазан Есергепов.

Жасарал Қуанышәлин аштық жариялау арқылы екі талап қойылатынын айтты.

- Біріншісі, Жаңаөзендегі оқ ату оқиғасының ақиқатын айқындауға кедергілер жойылсын. Мұнайшылар мен оппозиция өкілдерін тұтқындау «ешқайда кетпеу» жөніндегі қолхатқа ауыстырылып, олардың соттары ашық және әділ болсын,- деді Қуанышәлин.

СЕБЕП

Комитет мүшесі, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов «бұл істе барлық жайттар ескерілуі тиіс екенін, оқиғаның себептерін анықтау үшін ереуілшілер алғаш талап қоя бастаған кезден бастап, барлық оқиғаларға талдау жасалуы керек» екенін айтты.

- Билік мұнайшылармен мәмілеге келуге тырысқан жоқ. Бітімгершілік комиссиясымен келіссөздер жүргізген жоқ. Оның орнына заңсыз, репрессивті бағытта жұмыс істеді. Екіншіден, елде тәуелсіз кәсіподақтар жоқ. Егер бүгінгідей атқарушы билікке бағынатын емес, тәуелсіз кәсіподақтар болғанда, еңбек дауы шиеленіспей, заңды тұрғыда шешілер еді, - деді Ғалым Ағелеуов.

Ол «мұнайшылардың ақпараттық блокадада қалып қойғанын» да айтты.
"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшесі Ғалым Ағелеуов. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.
"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшесі Ғалым Ағелеуов. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.

- Дәл осы ақпараттық блокада үкімет күштерінің ереуілшілерге қарсы заңсыз әрекеттер жасауына себеп болды. Өйткені, сот мұнайшылардың ереуілін «заңсыз» деп тапты. Меніңше, барлығы Жақсылық Тұрбаевтың өлімінен кейін басталды. Өйткені оның өліміне кінәлі адамдарға қандай да бір жазаның тағайындалмауы наразылықты күшейте түсті, - деді қоғамдық белсенді.

ШЕТПЕДЕ ТАҒЫ БІР АДАМ ҚАМАЛДЫ

"Жаңаөзен-2011" комитетінің мүшелері «мұнайшылар мен оппозиция өкілдерін тұтқындау «ешқайда кетпеу» жөніндегі қолхатқа ауыстырылып, олардың соттары ашық және әділ болсын» деген талап қойды. Осы уақытта Азаттық радиосының Алматыдағы бюросына Шетпеде болған "пойыз тоқтату" оқиғасына байланысты жаңадан тағы бір адамның тұтқындалғаны туралы ақпарат түсті.

35 жастағы Шетпе тұрғыны, жеке кәсіпкер Қасым Ермұқанұлы ақпанның 27-сі күні тұтқындалған.

Қасым Ермұқанұлының әйелі Бағила Баймағамбетованың айтуынша, оны дүйсенбі күні күндіз ұстап әкеткен. Оған Шетпедегі жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.
Тұтқындалған Шетпе тұрғындарының толық емес тізімі.
Тұтқындалған Шетпе тұрғындарының толық емес тізімі.

- 241-ші баптың (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру - ред.) 1-ші, 2-ші, 3-ші тармағы , сосын 321-ші баптың (билік өкіліне күш қолдану - ред.) 2-ші тармағы дейді. Сосын 299-шы баптың (көлік және жол қатынастары құралдарын істен шығару - ред.) 1-ші тармағы деп отыр. Алдында қамалған балалардың тағылған айыптары да осындай екен. Осындаймен ұстап отыр, - деді Бағила Баймағамбетова.

Оның айтуынша, күйеуі Қасым Ермұқанұлы Шетпеде болған оқиғаға қатыспаған.

- Ол кезде отбасының қасында болды. Алайда бүгін (ақпанның 29-ы - ред.) болған сот менің күйеуіме айып тағып, екі айға қамау туралы үкім шығарды, - деді Бағила Баймағамбетова.

Азаттық тілшісі Маңғыстау аудандық прокуратурасына хабарласты. Аудандық прокуратура қызметкері "айыпталушы жайында облыстық прокуратурадан сұраңыздар" деп, аты-жөнін айтпастан телефон тұтқасын қоя салды. Ал Маңғыстау облыстық прокуратурасынан әзірше қандай да бір жауап ала алмадық.

Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтқысы келмеген адвокат:

- Қасым Ермұқанұлы 17-сі күнгі Шетпедегі шеруде болмаған. Бірақ біз кеше (ақпанның 28-і - ред.) сұрадық тергеушіден. Ол бізге «Дәлелдер қоры бар. Сол үшін қамап отырмыз. Адамды бостан босқа қамамаймыз, бізге да бас керек қой» деп айтты, - деді.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында үкімет күштері мен ереуілшілер арасында қақтығыс болып, полицейлер атқан оқтан 16 адам қаза тапты. Ертеңінде, Желтоқсанның 17-сі Шетпе тұрғындары "Алматы-Маңғыстау" пойызын тоқтатып тастап, полиция мен тұрғындар арасында болған қақтығыста полицейлер атқан оқтан бір адам қаза тапты. Қазір Жаңаөзеннің 29 азаматы, Шетпенің, бүгін тұтқындалған Қасым Ермұқанұлын қоса алғанда, 11 азаматы қамауда отыр.

Бұл мақала Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызының қатысуымен даярланды.
XS
SM
MD
LG