Accessibility links

Туыстары қаза тапқан жаңаөзендіктер лайықты төлемақы талап етеді


Жаймұқан Көшеров - Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтің әкесі. Теңге ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.
Жаймұқан Көшеров - Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтің әкесі. Теңге ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болған адамдардың туыстары биліктің қорқытып-үркітіп отырғанын айтады. Олар жақындарының қазасына кінәлі адамдарды табуды, қайтыс болған туыстары үшін «лайықты төлемақы төлеуді» талап етеді.


Ақпан айында Жаңаөзенге барған сапарымда 2011 жылы желтоқсанда туыстары қаза болған бірнеше адамға жолықтым. Бұл жолы байқағаным – қала халқы әлі үрейленіп жүр. Олар құқық қорғау мекемелерінің аңдуы мен қудалауынан қорқады, «адамдардың қазасына қатысы бар қылмыскерлер табылмай кете ме» деп те қауіптенеді.

Марқұмдардың туыстары «қаза болған бір адам үшін төленетін 1 миллион теңге (шамамен 6 мың 700 доллар) төлемақы аз» деп біледі.

50 ЖАСТАҒЫ БАЗАРБАЙ КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ӨЛІМІ

«Қамалған кезде ұрып-соғу мен азаптаудан қайтыс болды» деген Базарбай Кенжебаевтың өлімі қоғамға журналистердің арқасында белгілі болған еді. Оны Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның қалай қамағаны, қалай өлімге ұшырағаны
Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен ішкі істер басқармасы абақтысынан келген кездегі қан жұққан жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Фотоны "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген).
Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен ішкі істер басқармасы абақтысынан келген кездегі қан жұққан жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. (Фотоны "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген).
бүкіл халыққа аян болған соң жергілікті құқық қорғау орындары құқық қорғаушылардың сөзіне құлақ асып, адамдарды жаппай қамауға алуды, жаппай азаптауды тоқтатқан болатын.

Базарбай Кенжебаев сол оқиға кезінде Жаңаөзенге өз шаруасымен, босанып жатқан кіші қызы Жадыраны көруге келген. Жиенді болған қуанышын тойлаудың орнына ол тергеу изоляторына түсіпті. Бірнеше күн қамауда отырған соң үйіне оралып, ауыр жарақат салдарынан көз жұмады.

Базарбай Кенжебаевтың қазасы туралы алғашқы ақпаратты Азаттық радиосы жариялаған еді. Марқұмның туыстарының айтуынша, осының арқасында ғана полицияның «Базарбай Кенжебаев бұзақылар қолынан қаза болды» деп ақталатын сылтауы қалмаған.

Қазақстан бас прокуратурасы Базарбай Кенжебаевтың қазасы туралы «1961 жылы туған Базарбай Жаңабайұлы Кенжебаев 2011 жылы 21 желтоқсанда жаппай тәртіпсіздік кезінде алған соққыдан қаза болды» деп жариялады. Бұл жерде оның полиция азаптауынан қайтыс болғаны туралы бір ауыз сөз жоқ.

Оған қоса дәл сол кездері бас прокуратура Базарбай Кенжебаев марқұмның өзін кінәлауға тырысқан.

«Б.Ж.Кенжебаев 2011 жылдың 16 желтоқсан күні жараланып, қалалық ауруханаға жеткізілді. Бірақ оның өзі дәрігерлік көмектен бас тартқан соң үйіне жіберілді» деп жазды бас прокуратура 2011 жылдың 22 желтоқсан күні. Бас прокуратураның
Марқұм Базарбай Кенжебаевтың ауруханада жатқан кезі. Жаңаөзен, желтоқсан 2011 жыл.
Марқұм Базарбай Кенжебаевтың ауруханада жатқан кезі. Жаңаөзен, желтоқсан 2011 жыл.
айтуынша, полиция Базарбайды жарақаттанып көшеде жатқан жерінен тауып алып, ауруханаға жеткізген. Бірақ Кенжебаевтың өзі ауруханаға жатып емделуден бас тартқан.

Бірақ Азаттық және өзге де басылымдар Кенжебаевтың қазасына қатысты ақиқатты жариялаған соң, бас прокуратура 25 қаңтар күні: «Тергеу ісі Базарбай Кенжебаевтың туыстарының көрсетуімен оның Жаңаөзен ішкі істер бөлімінде изоляторда қамауда болған кезде алған соққыдан жарақат алғаны, кейін соның зардабынан қайтыс болғанын анықтады» деп мәлімдеді.

Азаттық тілшілері осы уақытқа дейін марқұм Базарбай Кенжебаевтың туысқандарымен тек телефон арқылы хабарласып келген еді. Сондықтан олармен кездесудің сәті түскен бетте, 14 ақпан күні Кенжебаевтар отбасы тұратын Қызылсай ауылына жеттім.

Қызылсай ауылын бұл жердің егде тұрғындары әлі күнге дейін Ескі Жаңаөзен деп атайды. Ол – Бұл Жаңаөзен қаласынан 18 шақырым жердегі ауыл. Ауылға дейінгі жол бойындағы мұнай құбырлары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді.

2010 жылы мұнайдың бір тоннасы орта есеппен 670 доллар тұратын. Бұл кезде Қазақстанда 22 миллион тонна мұнай өндірілді. Қазір Қазақстанда мұнай өндіру өсті, дүниежүзі бойынша мұнайдың бағасы да өсіп отыр. 2011 жылы Қазақстан 81
Әсем Кенжебаева үш жасар ұлы Әнуарды көтеріп тұр. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.
Әсем Кенжебаева үш жасар ұлы Әнуарды көтеріп тұр. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.
миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлады деген ақпарат бар. Бірақ бұл туралы ресми толық мәліметті еш жерден таба алмайсыз. 2011 жылы мұнайдың әр тоннасы 780 доллар болған. Қазақстанның қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтың дерегіне қарағанда, «2011 жылы сыртқа мұнай сатудан Қазақстанға 25 миллиард долардан астам пайда түсті».

Жаңаөзенге барар жолда мұнайшылардың вахталық қалашығы тұр. Аяз бен күртік қарды көргенде Маңғыстауда емес, Сібірдегі мұнайлы Сургутта жүргендей боласыз.

Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем бізді ауылдың ортасындағы дәріхана жанында қарсы алды. «Қараңғы түспей тұрып марқұмның басына барайық» деп едік, Әсем біз келген жеңіл көлікпен зират басына бару мүмкін емес екенін, жолды қар басып қалғанын айтты.

Біз олардың үйіне бет алдық. Қарсы алдымыздан Базарбайдың кіші қызы Жадыр және марқұмның ұлдарының бірі шықты. Олардың анасын көре алмадық, ол кісі ауруханада жатыр екен.

Азаттық радиосына сұхбат беруге Базарбайдың екі қызы – Жадыра да, Әсем де келісті. Әсем бұрын да ақпарат құралдарына, оның ішінде Азаттық радиосына сұқбат бергені үшін мемлекеттік қауіпсіздік орындары тарапынан қысым көргенін айтты. Ол соған қарамастан тағы да сұхбат беруге әзір еді.

Әсем сол 16 желтоқсан күні Жаңаөзенге әкесін іздеп қалай барғанын, полицейлердің өзін қалай ұстап, полиция учаскесіне алып барғанын тағы айтып
Жадыра Кенжебаева қыздары - екі жасар Аружан мен бесіктегі Айсунаның қасында отыр. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.
Жадыра Кенжебаева қыздары - екі жасар Аружан мен бесіктегі Айсунаның қасында отыр. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.
берді. Қорланғанын, соққыға жығылғанын айтты. Сол кезде тиген соққыдан екі бүйрегі әлі ауырады екен. Соған қарамастан жұмыс істеп жүр. Өйткені бұл отбасында жұмыс істейтін жалғыз адам – Әсем ғана.

Әсемнің айтуынша, екі бауыры да, анасы да жұмыссыз. Әсемнің өзі күйеуінен ажырасқан, қолында үш жасар Әнуар есімді ұлы бар.

Ал Жадыра ата-анасының үйіне келіп-кетіп тұратыны болмаса, өз отбасымен Жаңаөзен қаласында тұрады. Үлкен әпкесі Майра да бөлек тұрады.

Бірақ бұл үй Кенжебаевтардың меншігі емес екен. Олар баспаны жалдап отыр.

– Үйдің иесі кез-келген уақытта көшуімізді талап ете алады, – дейді Әсем.

Әсем әкесі Базарбайдың Жаңаөзен ішкі істер бөліміндегі изоляторда қамауда болған кезде соққы алғанын, сол соққы мен азаптаудың зардабынан қайтыс болды деп білетінін айтты.

Аружан және Айсуна есімді екі қызына қарайлап отырған Жадыра да сұхбат беруге келісті. Айсуна атасы Базарбай қамалған күні – 16 желтоқсанда дүниеге келіпті.

Жадыра әкесінің өзін 16 желтоқсан күні іздеп келіп, жолыға алмай, полицияның қамауына түскенін перзентханадан шыққан кезде ғана білген.

– Мен оны Жаңаөзенде, біздің үйде көргенде әзер таныдым. Түрі де қатты өзгеріп кеткен. Немересін иіскегені болмаса, қолына алуға шамасы келмеді, – дейді Жадыра.

Жадыра Кенжебаеваның сұқбаты:

Жадыра Кенжебаева әкесінің қазасы жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

Базарбай Кенжебаевтың қыздары 2012 жылдың 21 қаңтарында «Жаңаөзен» газетінде жарияланған, оқиғадан зардап шеккен адамдардың суретін көрсетті. Олардың арасында Базарбай Кенжебаевтың да суреті бар. Желтоқсан айындағы оқиғаға куә болғандардың хабарласуын сұраған бас прокуратураның үндеуі де сол номерде жарияланыпты.

Базарбай Кенжебаевтың қыздары бізбен қоштасар кезде әкелерінің өліміне қатысы бар адамдар табылып, тиісті жазаларын аларына үмітті екендерін айтты. Олар мемлекет тарапынан отбасына көрсетілуге тиіс көмектің де берілетініне сенеді.

Өйткені негізгі асыраушысынан айырылған отбасының қазіргі тұрмысы қиын.

32 ЖАСТАҒЫ ЖАҢАБЕРГЕН КӨШЕРОВТІҢ ҚАЗАСЫ

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болған Жаңаберген Көшеровтің ата-анасы Жаңаөзеннен үш шақырым жердегі Теңге ауылында тұрады.

Мен олардың отбасында 16 ақпан күні болып, қаза болған жігіттің ата-анасымен тілдескен едім. Бейнекамера алдында сұхбат беруге Жаңабергеннің анасы Алмагүл ғана келісті.

Алмагүл Көшерова - Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтің анасы. Маңғыстау облысы, Теңге ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.
Алмагүл Көшерова - Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтің анасы. Маңғыстау облысы, Теңге ауылы, 16 ақпан 2012 жыл.
Марқұмның әкесі Жаймахан бұл кезде ұйқыдан оянып кетіп, бөгде адамдардан қорқып жылаған немересі Мәриямды жұбата бастады.

Алмагүлдің айтуынша, «К-Плюс» интернет-сайтына сұхбат бергеннен бастап үйге жиі келетін құзырлы мекеме адамдарынан бүкіл отбасы үрейленеді. Сондықтан бізге сұхбат берерде ол біраз ойланды. Сонан кейін «енді мен жоғалтатын ешнәрсе қалған жоқ» деп, қайғылы оқиғаны әңгімеледі.

Алмагүлдің айтуынша, олар соңғы екі жылда екі ұлынан айырылған. Кіші ұлдары Серік 18-ге толмастан, 2010 жылы жол апатынан көз жұмыпты. 2011 жылы желтоқсан айында 32 жастағы ұлдары Жаңаберген қаза болды. Оның соңында бес жасар ұлы Қуаныш, үш жасар қызы Мәриям қалды.

Көзі нашар көретін, құлағы дұрыс естімейтін Алмагүл – екінші топтағы мүгедек. Әңгіме кезінде ол кейбір сұрағымызды естімей қалып, өзге нәрсені айтып кетті.

Ол ұлдары Серіктің өліміне қатысты «тергеу орындарының ештеңе істемегенін» жылап отырып айтты. Бірақ полиция оғынан қаза болған Жаңабергеннің өлімі бұл отбасыға тіпті қатты батты. «Полицияның адамдарға қарсы оқ атуы – мүлде заңсыз» дейді Алмагүл. Ол соңғы рет өзін тергеуге келген адамдарды үйден қуып шыққанын айтады.

– Мен «К-Плюске» сұхбат берген күні үйіме ҰҚК қызметкері келіп, жауапқа шақырды. «Түн ортасында ешқайда бармаймын, Егер менен жауап алғыларың келсе, өздерің келіңдер. Түнде емес, күн жарықта келіңдер!» деп қуып шықтым, – дейді ол.

Ол ҰҚК қызметкерлерінің «Ұлыңыз 16 желтоқсан күні неге алаңға неге барды?» деген сұрақты қоя беретініне ашуланатынын айтты:
Сендер менен емес, мен сендерден сұрауым керек ұлымды кім өлтіргенін, алаңға шыққан адамдарға қарсы кім оқ атқанын, атуға кім бұйрық бергенін!

– Жаңабергенді жұмыстан заңсыз шығарып тастаған болатын. Ол өзі сияқты жұмыссыз қалған адамдармен бірге өз құқын қорғамақ болды. Ал ҰҚК менің өзімнен «Сіздің ұлыңызды кім өлтірді?» деп сұрайды. «Сендер менен емес, мен сендерден сұрауым керек ұлымды кім өлтіргенін, алаңға шыққан адамдарға қарсы кім оқ атқанын, атуға кім бұйрық бергенін!» деймін.

Жаңабергеннің анасы ұлының «жұмыссыз қалған мұнайшылардың мәселесін мемлекет шешеді, мен де жұмысқа қайта орналасамын» деген сөзін есіне алды.

– Міне, енді мемлекет шешті олардың мәселесін! Өлтіріп тынды, – деп жылады Алмагүл Көшерова.

Мүгедек болғандықтан ол ұлын іздей алмаған. Туысқандары Жаңабергеннің оқ тиген денесін қалалық мәйітханадан тапқан.

Алмагүл Көшерованың айтуынша, ұлының жерлеген кезде туған-туыстары «ұсталып, қамалып кетерміз» деп қорқып, үй-үйдің арасымен жасырынып келген.

– Сондықтан кейбір туыстарымыз Жаңабергенді жерлеуге келе алмады, – дейді ол.

Алмагүл ұлын жерлеуге, қырқын өткізуге көмектескен мұнайшыларға риза екенін айтады.

Мемлекет қаза болған жігіттің отбасына 1 миллион теңге төлеген.

– Бұл ақша мемлекет өлтірген ұлымның орнын толтыра ала ма! – дейді Алмагүл Көшерова.

Алмагүл Көшерованың сұқбаты:

Қаза болған жаңаөзендіктің анасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:20 0:00

Екі ұлынан айырылған бұл әулетте қазір жалғыз қызы ғана қалды. Жаңабергеннің жесірі жетім қалған екі баламен ата-енесінің қолында тұрып жатыр. Бес жасар Қуаныш балабақшаға барады.

Қаза болған жігіттің ата-анасы «тергеушілер ұлымыздың қазасына кінәлі адамды табуға құлықты болмауы мүмкін» дейді. Олар сондықтан жұрттан адвокат жалдауға көмектесуді өтінеді. «Мүмкін, сонда жазықсыз оққа ұшқандардың қазасына жауаптылар, оқ атуға бұйрық бергендер мен ол бұйрықты орындағандар табылар. Сөйтіп олар лайықты жазасын алар» дейді марқұмның әке-шешесі.

Олардың айтуынша, билік ұлдарының қазасы үшін 1 миллион емес, 10 миллион теңге төлеуі керек. Өйткені жерлеу рәсімін отбасы өз мойнына алған және Жаңабергеннің артында екі бірдей бала жетім қалды. Өздері талап еткен төлемақыны алу үшін адвокат керек екенін айтады.

Алмагүл Көшеровамен әңгімелесіп болған соң оның жұбайы Жаймахан Көшеров бізді Теңге ауылының зиратына, Жаңабергеннің басына апармақ болды.

Қалашықтан шыққанымызбен, қарлы боранға ұрынып, кейін қайттық. Бұл ауылда қар жауған сайын бұл жерде боран соғады екен.

24 ЖАСТАҒЫ АТАБЕРГЕН ДҮЙСЕКЕНОВТІҢ ӨЛІМІ

Мен енді оққа ұшып қаза болған 24 жастағы Атаберген Дүйсекеновтің әкесі Хасен Дүйсекеновті іздедім. Ол да осы Теңге ауылында тұрады. Бірақ үйінде болмады,
Хасен Дүйсекенов - Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның атқан оғынан қаза тапқан Атаберген Дүйсекеновтың әкесі. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
Хасен Дүйсекенов - Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның атқан оғынан қаза тапқан Атаберген Дүйсекеновтың әкесі. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
колледждегі жұмысынан оралмаған екен. Ол кісіні жұмысына іздеп бардым.

Хасен Дүйсекенов 1987 жылы туған егіз ұлдары Алдаберген мен Атабергеннің 16 желтоқсан күні алаңда болғанын айтты. Атаберген Жаңаөзендегі лицейлердің бірінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін. Ол сол күні алаңға оқушыларын ертіп барыпты.

Хасен Дүйсекеновтің айтуынша, ұлы Алдаберген атыс басталған кезде үйіне жүгіріп келіп, «Атабергеннен топ арасында адасып қалдым» депті. Дүйсекенов екінші ұлы Атабергенді сол күні қалалық аурухананың дәлізінде жатқан жерінен тауып, мәйітханаға жеткізбей, үйіне алып кетіпті.

Ол арнайы қызмет адамдары мәйітті сараптамадан өткізген соң, 18 желтоқсан күні ұлын жерлегенін айтты. Қазір Атаберген Дүйсекеновтің өліміне қатысты тергеу жұмысы жүріп жатыр. Алдын-ала жүргізілген тергеу бойынша, оның ұлын атқан полиция табылған деген сөз бар. «Бірақ тергеу толық аяқталғанша ол полицияның есімі аталмайды» депті.

Хасен Дүйсекеновтің айтуынша, Атабергенге тиген оқ Макаров тапаншасынан атылған. Дәрігерлік-сот сарапшылары оқты оның жүрегінен тапқан. Оқты тергеушілер алып кеткен. Бірақ оның фотосын беріпті. Біз оны суретке түсіріп алдық.

Атаберген Дүйсекеновтың жүрегінен алынған оқ. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
Атаберген Дүйсекеновтың жүрегінен алынған оқ. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
Әңгімелесіп отырғанда Хасен Дүйсекеновтің қабағы жиі тартылатынын байқадым. Менің қадала қарағанымды түсінген ол кісі «ұлымның қазасынан кейін жүйкем осылай сыр берді» деді. Ол ауыр қайғыдан әйелінің денсаулығы күрт нашарлағанын, қазір қан қысымы көтеріліп, үйден шыға алмай қалғанын айтты.

Хасен Дүйсекенов «жергілікті әкімшіліктен де, ауыл ақсақалдарынан да ешкімнің келіп көңіл айтпағанына көңілі қалғанын» да жасырмады.

– Ауылдың үлкен ақсақалдарының бірі мені көшеде көріп, көңіл айтты. «Қазақтың салтында ұлы өлген адамға көшеде емес, үйіне келіп көңіл айтады. Тіпті, ит өліп қалса да, адам ескереді емес пе!» дедім оған, – дейді Хасен Дүйсекенов.

Оның ойынша, енді ержетіп, адам қатарына қосылды ма дегенде өмірдің қызығын көрмей кеткен ұлы үшін төленетін 1 миллион теңге әділдік емес. «Мемлекет тым болмағанда 10 миллион теңге төлеуі тиіс» дейді Хасен Дүйсекенов. Ол да, Жаңабергеннің ата-анасы сияқты, жұрттан адвокат табуға көмектесуді сұрады. «Содан кейін төлемақы мәселесін сот арқылы шешуге болар еді» деді.

«Адвокат тергеу жұмысының әділ жүруіне, сөйтіп шын айыптылардың табылуына ықпал етер еді. Қылмыстылар ұсталып, жазасын алар еді» дейді Хасен Дүйсекенов.
Атаберген Дүйсекеновтың бейджигі. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
Атаберген Дүйсекеновтың бейджигі. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.

Хасен Дүйсекеновтің айтуынша, оған жақындарынан айырылған біраз адам жолыққан. Олар «Тергеушілер айыптыларды жасырмасын, оқ атқандар мен атуға бұйрық бергендер мәлім болсын, әділ өтемақы төленсін» дейді.

Алматыға келген соң Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің 2011 жылы 18 желтоқсанда баспасөз мәслихатында айтқан сөзі есіме түсті. Нұрдәулет Сүйіндіков: «Құқық қорғау орындарына 1987 жылы туған Дүйсекенов Атаберген Хасенұлының әкесі өз оқушыларын алаңға алып шыққан Атаберген Дүйсекеновтің бұзақылар қолынан қаза тапқаны туралы шағым түсірді» деген еді. Мен Хасен Дүйсекеновке қайтадан телефон соғып, бұл мәлімдеменің мән-жайын сұрадым.

– Мен ондай сөз айтқан жоқпын. Мұны олар өздері ойдан шығарған, – деді Хасен Дүйсекенов.

Хасен Дүйсекеновтің сұқбаты:

Қаза болған жаңаөзендіктің әкесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:28 0:00

44 ЖАСТАҒЫ ОРАЗАЙ МӘМБЕТНАЗАРОВТЫҢ ӨЛІМІ

Жаңаөзен оқиғасы кезінде оққа ұшқан 44 жастағы Оразай Мәмбетназаровтың ағасы Оразәлі Мәмбетназаровтың айтуынша, інісі Оразай желтоқсан 15-і күні күні вахтаға кеткен. Вахтадан 20 желтоқсан күні келуі керек еді. Бірақ 16 желтоқсан күні компания басшылары Тәуелсіздік күніне орай демалыс жариялап, ол үйге оралады. Мерекені тойлау үшін алаңға кеткен Оразай сол алаңда қаза болды.

Оразай қалалық ауруханаға 17 желтоқсан күні түскен. Ағасы оны 19 желтоқсан күні реанимация бөлімінен тапты. Оразай есін жимаған күйі желтоқсанның 25-інде емханада қайтыс болған.

Оразалы – он бір ағайынды Мәмбетназаровтар әулетінің үлкені екен. Оразай – оның тетелес інісі.
Оразалы Мәмбетназаров - Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан Оразай Мәмбетназаровтың ағасы. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.
Оразалы Мәмбетназаров - Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқан Оразай Мәмбетназаровтың ағасы. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.

Бас прокуратураның тізімінде Оразайдың аты-жөні көпке дейін болмады. Бірақ Оразайдың алаңда оққа ұшып өлгенін көрген куәлар, осыған қатысты құжаттар бар. Мемлекет Оразайдың жетім қалған балаларына 1 миллион төлемақыны берді.

Оразәлі Мәмбетназаровтың айтуынша, «тергеу орындарын Оразайды кім атып өлтірді дегеннен гөрі оның алаңға неге барғаны көбірек қызықтыратын сияқты».

– Халыққа қарсы оқ атқандарды іздеудің орнына олар «Оразай алаңда не істеді?» деген сұрақты көп қояды. Егер осылай жалғаса берсе, бауырымның өліміне қатысы бар қылмыскерлер табылмай қалуы мүмкін, – дейді Оразәлі Мәмбетназаров.

БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ – ЕКІ ЖЫЛҚЫНЫҢ ҚҰНЫ

Мемлекет Жаңаөзенде қаза болған азаматтардың жақындарына 1 миллион теңге (шамамен 6 мың 700 доллар), жарақат алғандарға жарты миллион теңге (шамамен 3350 доллар) төлемақы белгілеген. Бірақ қымбатшылық деңгейі Алматымен шамалас Жаңаөзенде 1 миллион теңге (алты жарым мың доллар) көп ақша емес.

Жаңаөзенде бір бөлмелі жақсы үй 30-35 мың доллар тұрады.

Бұл өңірде жылқы – 400-500 мың теңге (екі жарым мың доллар шамасында), түйе – 600-700 мың теңге (төрт мың доллар шамасында).

Қаза болған адамдарды жерлегенде, қырқы мен жүзін, жылын бергенде ірі қара сойылады. Әр рәсімге 600-700 мың теңге шығын шығады.
Туыстарынан айырылған адамдарға жоқ дегенде 10 миллион теңге төлемақы берілуі керек

Ал 500 мың теңге жаралы адамның емделуіне жете ме? Интернеттегі ақпарат бойынша, мүгедекке арналған арба – 1 мың 700 доллар. «Алматы» емдеу санаториінің бір күнгі ақысы – 200 доллар. Бұл жатын орын, тамақ, қосалқы ем-дом үшін төленетін ақы. Ал негізгі емдеу бағасы мұнан да қымбат.

Адвокат жалдауға керек ақшаны айтпай-ақ қояйық. Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, төлемақыға қатысты мәселе ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан адвокаттың ақысын бөліп төлеуге де болады. Мықты адвокатқа төленетін ақы – айына 5 мың доллар.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Оразәлі Мәмбетназаров та «туыстарынан айырылған адамдарға жоқ дегенде 10 миллион теңге төлемақы берілуі керек» дейді. Оның ойынша, «Қайтыс болған адамдардың туыстары бірігуі керек. Бұл тергеудің дұрыс бағытта жүруін бақылау үшін, тиесілі төлемақыны талап ету үшін керек. Бірақ көп адам әлі бір-бірін білмейді, оған қоса жергілікті құзырлы орындар оларды үнемі қорқытып-үркітіп келеді».

– Мен қаза болған бір адамның үйіне бардым. Туыстары, тіпті, оның көз жұмғанын айтуға қорқады. Себебі оларға «мұны айтатын болсаңдар, келіндеріңді тұтқындаймыз» деген, – дейді Оразәлі Мәмбетназаров.

Кейін білгенімдей, Оразәлінің айтып отырғаны – мен 15 ақпан күні барған Жаңаөзендегі отбасы екен. Есікті жас жігіт ашқан. Мен оған не үшін келгенімді түсіндіріп, Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаланың орталық алаңында қайтыс болған туысы туралы сұрайын дегенмін. Әлгі жігіт ештеңе демейтінін айтып, есігін тарс жапқан.

Туыстары, тіпті, оның көз жұмғанын айтуға қорқады. Оларға «айтатын болсаңдар, келіндеріңді тұтқындаймыз» деген


Бірақ Оразәлі Мәмбетназаров қорықпайтын адамдарды тапқан екен. Олар тергеудің әділ болуын, төлемақының көбеюін талап етпек. Бірақ оларға тағы да адвокат керек екені – түсінікті нәрсе. Тұрғындар талаптарын орындату үшін істі неден бастап, қандай ресми орындарға шағым жазу керек екенін де білмейді.

Оразәлі Мәмбетназаров Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған үндеу жобасын оқып берді. Оның айтуынша, бұл құжатқа мәтіні Жаңаөзендегі туысы қаза болған адамдардың бәрімен келісілген, олардың бәрі қол қояды.

Үндеу иелері президенттен тергеуді қадағалауды өтінеді. Олар жақындарының қазасына қатысы бар адамдардың анықталуын, жазасыз қалмауын, мемлекеттің өздеріне лайықты төлемақы беруін сұрайды.

Оразәлі Мәмбетназаровтың президентке үндеуі:

Жаңаөзендіктің президентке хаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:47 0:00

P.S. Осы мақала жарияланған күні Жаңаөзенде мерт болған Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаева Азаттық тілшісіне хабарласып, өздерін жалдап отырған үйлерінен қуып жатқанын айтты. Әкесінің жүз күндігі өткеннен кейін ол үйді босатуы керек екен.

- Өзім жұмыссызбын. Анам науқас. Барар жер, басар тауым жоқ. Қайда
шағымданарымды білмеймін. Ел ғой, бізді далада қалдырмайтын шығар!
Көмектесіңдерші! - деді Әсем Кенжебаева.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG