Accessibility links

Әбілев пен Қосановтың әйелдері наразылық танытты


Наурыздың 7-сінде Алматыда күйеулері қамауда жатқан Айгүл Әбілева мен Роза Қосанова абақты алдында наразылық акциясын өткізді.

ЖСДП президиумының мүшесі Маржан Аспандиярованың айтуынша, олар абақты қызметкерлерінен күйеулерімен кездестіруді және зат беріп жіберуге рұқсат етуді талап еткен. Бірақ абақты қызметкерлері олардың талабын орындаудан бас тартқан.

Аспандиярова осы акция кезінде ЖСДП-ның 20-дан астам өкілі Болат Әбілев пен Әміржан Қосановтың әйелдерін 8 наурыз мерекесімен құттықтап, гүл табыстағанын айтты.

Ол "Оппозициялық қызметте ерлерге әйелдері қолдау көрсетпесе - қиын. Роза мен Айгүлге күйеулеріне қолдау танытып, қиыншылыққа төзе білгендері үшін Әбілев пен Қосановтың және олардың жақтастарының атынан құттықтауға келдік" деді.

Бұдан соң жиналғандар Болат Әбілев пен Әміржан Қосановтың әйелдерін қолдап, әуеге екі шар ұшырды.

Әйелдері осы уақытқа дейін Әбілев пен Қосановқа зат беріп жіберуге не көрісуге рұқсат берілмей отырғанын айтады.

Акцияны полиция бақылап тұрған.
XS
SM
MD
LG