Accessibility links

Қытай әйелдері теңдік үшін күресіп жатыр


Қытайлық әйел кафеде интернет қарап отыр. Шанхай, 14 қаңтар 2010 жыл

Қытайлық әйел кафеде интернет қарап отыр. Шанхай, 14 қаңтар 2010 жыл

Коммунистік режимде әйелдердің саясаткерге немесе ықпалды қоғамдық тұлғаға айналуы әлі де қиынға соғып отыр деп жазады NYT газеті.


The New York Times («Нью-Йорк таймз») газеті наурыздың 6-сы Қытай әйелдерінің қоғамдағы әлеуметтік және саяси мәртебесі туралы мақала жариялады.

Көлемді мақала Қытай коммунистік партиясы басшыларының әйелдерге қатысты салқын көзқарасы белсенді әйел Лю Пиннің парламент сайлауына түсуіне қалай кедергі болғаны жайлы мысалдан басталады.

Автордың баяндауынша, Қытай басшылары «бұл жолғы емес, келесі сайлауға қатысасыз» деп Лю ханымды үнемі алдап, уақытты созып келген. «Уәде созыла берген соң мен биылғы парламент сайлауына түспекке бел байладым» дейді Лю Пин.

Сайлау науқанына бел шешіп кіріскен Лю Пин ханым бүкіл Қытайдан жүздеген тәуелсіз әйелдің сайлауға қатысуына ықпал еткенімен, олардың бірде-біреуі билікке өтпеген. Басшылықтан жан-жақты қысым көрген Лю ханым: «Қытайда әйелдердің ешқандай да мәртебесі жоқ» деп ашынып, Қытай үкіметі үшін депутаттан да қауіптірек адам болып шыға келеді. Яғни Қытай бойынша әйелдер құқығы үшін күресетін ұйымының жетекшісіне айналады.

ӘЛЕМДЕГІ ӘРБІР БЕС ӘЙЕЛДІҢ БІРЕУІ ТҰРАТЫН ЕЛ

Мақалада келтірілген Бүкілқытайлық әйелдер федерациясының мәліметі бойынша, әлемдегі бес әйелдің біреуінің отаны болып отырған Қытайда олардың мәртебесі керісінше төмендеген.

1950 жылдары Қытай коммунистік партиясы мен Мао Цзэдунның «Ерлер жасайтын жұмысты әйел жолдастар да жасай алады!» деген ұранының тұсында әйелдердің арқа-басы кеңіп, бостандықтың біраз рақатын көрген. Соңғы 35 жылдағы экономикалық жетістіктер қытай әйелдерінің тұратын жер таппай, судағы қаптаған қайықтардың үстінде күн көріп, қара жерге зар боп отырған фактілерді көлеңкелеп көрсетпей тастады деп жазады басылым.
Қытайлық белсенді әйелдер жергілікті адам құқығын қорғаушыны қолдау шарасын өткізіп тұр. Бейжің, 12 тамыз 2011 жыл

Қытайлық белсенді әйелдер жергілікті адам құқығын қорғаушыны қолдау шарасын өткізіп тұр. Бейжің, 12 тамыз 2011 жыл


Мақала авторы қытай әйелдердің әлеуметтік салада да артта қалып бара жатқанын баяндап, жалпы әлем бойыша салыстырып шығады.

Қытай бұл мәселеде әйелдері езгіде қалған мұсылман елдерінен көш ілгері тұрғанымен, Латын Америкасы, Үндістан, Еуропаны айтпағанда Оңтүстік Африка мен Руанда сияқты елдерден де кенже қалған.

The New York Times Қытайдың билік жүйесіндегі әйелдердің үлес салмағы туралы да деректер келтіреді. Биліктің ішкі жүйесіндегі құрамы тоғыз адамнан тұратын коммунистік партияның саяси бюросының орталық комитетінде бір де бір әйел адам жоқ. Саяси бюроның 25 мүшесінің және коммунистік партияның орталық комитетінің 16 мүшесінің біреуі ғана - әйел.

«ФОРБСТАҒЫ» ЖЕТІ ӘЙЕЛДЕН БАСҚА ЕШКІМ ЖОҚ

Bloomberg Business News ұйымының былтырғы мәліметі бойынша ең қуатты экономикалық секторды құрап отырған мемлекеттің меншігіндегі 120 ірі компанияның біреуін ғана әйел адам басқарады деп жазады басылым.

Экономика саласында да тап осындай жағдай қалыптасқан. «Өз күшімен миллиардер болып, «Форбс» журналына енген 14 әйелдің жетеуі - қытай» деп қайталай беретін Қытайдың жалғыз мақтанышы бар дейді Калифорния университетінің профессоры және Қытайдағы әйелдер ісінің маманы Гэйл Хершэттер.
Қалыңдықтар жарысы. Шэньчжэнь, 6 наурыз 2010 жыл

Қалыңдықтар жарысы. Шэньчжэнь, 6 наурыз 2010 жыл


Қытай үкіметі әйелдердің әлеуметтік дамуын анықтау бойынша жасаған үшінші сауалнамасында 2010 жылы ерлердің 62 пайызы, әйелдердің 55 пайызы «ерлер қоғамдық жұмысқа ыңғайлы, ал әйелдер үй жұмысына бейім» деп айтқан. Бұл көзқарас 2000-шы жылы 4,4 пайыз болса қазір 7,7 пайызға өскен деген деректі де келтіреді автор.

Басылым Қытайдағы әйелдердің табысы мен жекеменшік мүліктеріне де қатысты жан-жақты мағлұмат береді. Бүкіл қытайлық әйелдер федерациясының берген мәліметі бойынша 2010 жылы әйелдердің 37 пайызы, ерлердің 67 пайызы жекеменшік мүлікке ие болған (оның ішінде бірлесе иемдену де бар).

БЕЙЖІҢ ДЕКЛАРАЦИЯСЫНЫҢ ІСКЕ АСПАУЫ

1995 жылы БҰҰ-ның әйелдер ісі бойынша конференциясы Бейжіңде өтіп, сонда қабылданған әйгілі декларацияның 14-бабын «әйелдер құқығы – адамзат құқығы» деп бекіткен еді.

Басылым осы мәселеге орай тағы да бірнеше күрескер әйелдің пікірлерін келтіреді. Бейжіңдегі шет тілдер университетінің қызметкері, 1987 жылдан бері әйелдер құқығы үшін күресіп жүрген Ву ханымның пікірінше, қытайлық әйелдердің алға басу үшін оларға саяси еркіндік берілуі тиіс.

27 жыл бойына Хайдяньдағы жергілікті парламент депутаты болып келген Ву ханым былтыр қайта сайлана алмаған. Вудың өзі мақала авторына: «Меніңше, бұл шешім өте жоғарыдан түсті. Партия мен үкімет бұл үрдіс (әйелдердің депутат болып сайлануы – ред.) жаппай белең алып кете ме деп қорқады. Мен Африкада, Бразилияда, Үндістанда болдым. Біздегі билік жүйесі ол жақтағыдан басқа екенінін білдім. Үндістан - демократиялық, ал Қытай – тоталитарлық ел. Үндістанда әйел адам демократиялық жолмен бір нәрсе істегісі келсе, ол оны жасай алады. Ал бізде әйел адам жергілікті шенеуніктерге тәуелді» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG