Accessibility links

Ресейдегі жемқорлықты жоюға Батыс қалай ықпал ете алады?


Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер Ресей премьері Владимир Путиннің Nord Stream жобасы бойынша өткізген кеңесіне қатысып тұр. Выборг, 6 қыркүйек 2011 жыл
Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер Ресей премьері Владимир Путиннің Nord Stream жобасы бойынша өткізген кеңесіне қатысып тұр. Выборг, 6 қыркүйек 2011 жыл

Ресейдегі жемқорлықты азайту үшін Еуропа Одағы парақорлық туралы нақты заңдар қабылдап, күдікті саясаткерлер мен олигархтардың шенген аймағына кіруіне тыйым салуы керек деп жазады бельгиялық БАҚ.


Наурыздың 11-де бельгиялық euobserver.com сайты Ресейде ірі мәселеге айналған жемқорлық проблемасына қатысты мақала жариялады.

АҚШ-тың СЫНЫН ҚАРСЫ ПАЙДАЛАНУ

Ресейдегі режимге қарсы шыққан оппозицияның шараларына қарамастан Владимир Путин Ресей президенттігіне ақыры қол жеткізді. Бірақ оның «патшалық» дәурені аяқталып келе жатқан сияқты деп пайымдайды мақала авторы. Оның ойынша, Путиннің режимін заңсыз деп танитындар сайлау әділетсіз өтті, мемлекетті сыбайлас жемқорлық әбден жайлады, сондықтан Ресей де Еуропа сияқты ашық сайлау өткізіп, Путиннің билігін шектеп, пара алуды жою керек деп талап қояды.

Алайда Батыс елдері Ресейдің ішкі саясатына араласа алмайды. Себебі Мәскеудегі АҚШ елшілігінің Ресей режиміне қатысты қатаңдау мәлімдемелер жасауы Путиннің «Ресейді әлсірету үшін біздегі оппозицияны АҚШ қаржыландырып отыр» деп Батысты айыптап, ұпай жинауына ғана жәрдемдесті деп санайды автор.

«КРЕМЛЬДІҢ ЕҢ ӘЛСІЗ ТҰСЫ»

Бірақ сонда да бұл жолғы Путин режимі әлсіз болады, әрі ЕО-ның Мәскеуге ықпал ететін тетіктері де баршылық. Себебі Батыс Ресейдің мұнай мен газын ең көп сатып алатын әріптесі. Ресейдегі заңсыз жолмен табылған ен-дәулеттің келіп жасырынатын жері де Еуропа деп жазады шетелдік вебсайт.

Путин оппозиция өкілдері мен инвесторларға реформалар жасаймын деп уәде берді. Бірақ оның әлсіреген жаңа билігі ескі режимде орнығып қалған жемқор олигархтарға бұрынғыдан да тәуелді болады. Биліктің көмегімен заңсыз байып, шығындарын мемлекет бюджетінің есебінен жауып отырған жемқор олигархтардың жуық арада биліктің май шелпегінен бас тартатаны ниеті жоқ деп болжайды мақала авторы.

Ресей байлығының жасырын жолмен Еуропаға ағылуы - ЕО-ның жергілікті саяси элитаға ықпал етудің зор тетігі деп санайды мақала авторы. Себебі ресейлік олигархтар мен мемлекет басшылары жеке дәулетін Люксембургқа әкеп жасырады. Балаларын Лондонда оқытып, Францияның ең әдемі жерлерінен үй-жай сатып алады. Қала берді «шенген визасымен» бүкіл Еуропада қыдырып, Еуропаның тұрақты тұрғыны болуды армандайды.

"НЕМҚҰРАЙДЫ, ӨЗІМШІЛ САЯСАТКЕРЛЕР"

Мақала авторы Ресейді жаңаша құрығыс келетін белсенділердің көңіл күйін былайша сипаттайды. Оппозиция өкілдері ЕО-ның Ресейдегі жемқорлыққа қарсы шара қолданып, виза беруді шектеуін қалайды. Автордың жазуынша, ресейлік оппозиция Еуропарламенттің жемқорлыққа шүйлігу былай тұрсын, қаза болған заңгер Сергей Магнитскийдің өлімін тексеріп, не себепті бұл қылмысқа қатысы барлардың Еуропаға кіруіне шектеу салмай отырғанына таң қалады. Оппозицияның ойынша олигархтарға тұсау салып, визаны шектесе, Путин жүйесінде заңсыз байығандар айылдарын жияр еді.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Қазақстанның инвесторлар кеңесінде сөйлеп тұр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Қазақстанның инвесторлар кеңесінде сөйлеп тұр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

Мұндай саяси салғырттық ресейліктердің Еуропа Одағы туралы пікіріне де теріс әсер етіп жатыр деп жазады басылым. Кейбір ресейліктердің ойынша, еуропалық саясаткерлер күні өтіп бара жатқан немқұрайды да өзімшіл билік өкілдері болып көрінеді. Ресейліктер үшін мұндай еуропалық саясаткердің типтік мысалы - қазір Путиннің газ бен мұнай жобаларына қатысты кеңес беріп жүрген бұрынғы германия канцлері Герхард Шредер, я Путинге ашық қолдау көрсеткен бұрынғы Италия премьері Сильвио Берлускони, не болмаса Қазақстанның «Путин сипатты президенті» Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңесші болған Тони Блэр.

ЕУРОПА ОДАҒЫНЫҢ НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?

Автордың ойынша, Ресейдің азаматтық қоғамында қазір бұрынғыдай Батысқа жаппай еліктеуден көрі Ресейді батыс үлгісінде өркениетті жолмен қайта құру ниеті басым.

Автордың сөзі бойынша Мәскеудегі әділ сайлау талап еткен шерулер кезінде «Еуропа не істей алады?» деген сұраққа қарапайым ресейліктер: «Ештеңе де істей алмайды. Оның орнына өздеріңдегі жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды өзгертіңдер. Біздің элита бізден ұрлаған ақшасына ЕО-на барып рахаттанбайтындай етіңдер» деп жауап берген.

Автор ЕО Ұлыбританияның 2010 жылғы парақорлыққа қарсы заңын негізге алып жалпы-еуропалық парақорлыққа қарсы заң қабылдауы керек деп санайды. Сонда ғана Ресейде жұмыс істейтін еуропалық компаниялардың бизнес мінез-құлықтары өзгерер еді деп санайды ол.
XS
SM
MD
LG