Accessibility links

"Алғаның" екі белсендісін полиция ұстады


16 наурызда Ақтөбеде облыстық әкімдік пен сот ғимаратына жақын жерде тіркелмеген "Алға" партиясының екі белсендісін полиция наразылық шарасын өткізгені үшін ұстап әкетті деп хабарлады Азаттықтың осы облыстағы тілшісі.

Партия белсендісі Әсел Ибраимованың айтуынша, ұсталғандардың бірі Гүлжан Төлемісова қамаудағы партия өкілдерін босатуды талап етіп, бір өзі пикет өткізген. Пикетте «Айжангүл Әмірова, Серік Сапарғали мен Владимир Козловқа бостандық берілсін!» деген плакат ұстап шыққан. Ұсталған екінші белсенді Шара Тұрмағамбетова - журналист.

Ол акцияны суретке түсіре бастағанда Ақтөбе қалалық ІІД қызметкерлері оның фотоаппаратын тартып алған.

«Тұрмағамбетова наразылық шарасы өтіп жатқан жерге мақала дайындамақ мақсатында барған еді» дейді Әсел Ибраимова. Оның айтуынша, «Гүлжан Төлемісова мен Шара Тұрмағамбетова полиция учаскесінде 1 сағаттай отырып, түсініктеме жазған соң бостандыққа жіберілген.

"Бірақ, полицейлер фотоаппараттағы наразылық акциясынан түсірілген суреттердің бәрін өшіріп тастаған" дейді ол.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі бұл жайттан хабарсыз.
XS
SM
MD
LG