Accessibility links

Минск жарылысы бойынша айыпталған 2 адам атылды


Владислав Ковалев, өлім жазасына кесіліп атылған Беларусь азаматы. Отбасының сурет мұрағатынан.

Владислав Ковалев, өлім жазасына кесіліп атылған Беларусь азаматы. Отбасының сурет мұрағатынан.


Беларусьтің мемлекеттік телеарнасы таратқан ақпаратқа сәйкес, 2011 жылы Минск қаласының метросында болған жарылыс үшін кінәлі деп танылған екі адамға қатысты өлім жазасы орындалған.

Айыпты деп сотталған азаматтарды ату жазасы еуропалық адам құқығын қорғау ұйымдарының наразылығына қарамастан күшіне енді.

Жергілікті мемлекеттік BelTA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Владислав Ковалев және Дмитрий Коновалов есімді 26 жастағы екі азамат ең қатаң үкім бойынша өлім құшқан. Владислав Ковалевтің атылғаны туралы ақпарат наурыздың 17-сі жарияланған еді.

Атылған Владислав Ковалевтың анасы Любовь Ковалева Азаттық радиосы Беларусь қызметінің тілшісіне қысқаша сұқбат берген еді. Оның ойынша, ұлы Владислав Дмитрий Коновалов сияқты үнсіз қалмай, барынша қорғануға тырысқан. Солайша өлім жазасын орындау мерзімі біршама ұзарған. "Бірақ, Беларусь билігі бәрібір кек қайтарды" деп санайды ол.

Германияның сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле Ковалевтің өлімі туралы хабар тарай салысымен Беларусь билігінің бұл әрекетін сынап шықты.

Ковалев пен Коновалов былтыр қараша айында Минскідегі "Октябрь" метро стансасында болған жарылысты ұйымдастырушылар ретінде сотталған болатын. Жарылыс кезінде 15 адам өліп, ондаған адам жараланған еді. Жергілікті адам құқықтарын қорғаушы Людмила Грязнова атылған екі адамның "террористік қылмыстық әрекет" жасағаны толық дәлелденбеді деп есептейді.
XS
SM
MD
LG