Accessibility links

Қазақстан тағы бір көлік құрастыратынын хабарлады


"Тұлпар" көлігі құрастырылған бұрынғы станок құраушы зауыттың сыртқы көрінісі. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

"Тұлпар" көлігі құрастырылған бұрынғы станок құраушы зауыттың сыртқы көрінісі. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

Шенеуніктерге арналып Қазақстанда құрастырылған люкс-класс көліктің Астанадағы тұсаукесер рәсімін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «технологиялық жетістік» деп сипаттады. Алматыда бұдан 15 жыл бұрын «Тұлпар» автокөлігін құрастыратын цех та осындай салтанатпен ашылған еді. Қазір сол «Тұлпар» да, оны құрастыратын завод та жоқ.


Қостанайда құрастырылуы керек SsangYong Chairman жоғарғы класс көлігінің тұсаукесері наурыздың 12-сі Астанада өтті. Ол көлікті жоғарғы дәрежелі шенеуніктер, ұлттық компаниялардың өкілдері мінеді деген ақпарат тарады. «Көлік қарапайым адамдарға 60 мың долларға сатылады» деген де болжам бар.

БАСТЫҚТАР МІНЕТІН КӨЛІК

Бұл көлікті құрастыру мен сатуды Allur Auto көлік компаниялары тобы мен «Агромашхолдинг» компаниясы мойнына алып отыр. Олар 2012 жылдың соңына шейін шамамен 200 SsangYong Chairman көлігін құрастыруды жоспарлаған.

– Қазір көлікті Ресей арқылы жеткізіп жатыр. Бөлшек күйінде әкеледі. Алғашқы партияға көліктерді жасап шығарып, қазақстандық нарықта сертификаттауға пайдаланылған алты көлік енді, – дейді AllurAuto директоры Андрей Лаврентьев.

Оның айтуынша, көлікке қажет барлық тетіктер мен жобалар Оңтүстік Кореядағы SsangYong компаниясынан, қозғалтқыш пен беріліс қорабы Германияның Mercedes-Benz компаниясынан шыққан.

Жоғарғы санатты седан SsangYong Chairman-ның ұзындығы – бес метр. Ол Қазақстанда көліктерді бағалау шартының «Е» класына қосылып, Toyota Camry көлігімен қатар тұрмақ. Көлік қозғалтқышының көлемі екі түрлі – 3,2 литр (қуаты 225 аттың күшіне тең) және 3,6 литр (250 аттың күшіне тең). Қалада 100 шақырым жолға 14,2 литр жанармай жұмсайды.
Қазақстанда құрастырылған SsangYong Chairman автокөлігі. Астана, 12 наурыз 2012 жыл.

Қазақстанда құрастырылған SsangYong Chairman автокөлігі. Астана, 12 наурыз 2012 жыл.


Көлікте 10 қауіпсіздік жастықшасы, пневматикалық жүйе және музыкалық қондырғы бар. Реттелетін артқы орындығына массаж жасау мен вентиляция жүйесі орнатылған. Көлік салоны сапалы былғарымен және қымбат ағашпен көмкерілген.

SsangYong Chairman-ның тұсаукесеріне қатысқан әнші Нұрлан Абдуллиннің сөзіне қарағанда, оған көліктің стереожүйесі (құны көлік бағасының 10 пайызына тең) ұнаған.

Бұл тұсаукесердің алдында үкіметтік бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жобаға бірталай мақтау айтылды. Тұсаукесерден соң «Женева автосалонынан қай жері кем?» деген қошеметтер болды. Бұл пікірді жақтаушылар «тұсаукесерге қатысқан қыздардың сұлулығы Женева автосалонындағы қыздардан кем болған жоқ» деген уәж де айтты.

Бірақ бұл көлікті таныстыру шарасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, премьер-министр де, тіпті министрлер де қатыспады. Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау ғана келді.

«Наша газета» басылымының жазуынша, Альберт Рау қазақстандық премиум-класс көліктерін шығару жайын айта келе:

– Бір өкініштісі, мен бұл жайлы біржақты ештеңе айта алмаймын. Біз көпшілікке арналған өндіріске бейімделеміз. Тіпті совет заманында да «Москвичтер» мен «Волгалардың» премиум-класы болды. Белгілі бір сегмент бар, оны игеру керек – арасында кедендік кеңістікті де ойлау керек. Бұл сөз қылуға тұрмайтын өте кішкентай сегмент, – деді.

«ТҰЛПАРДЫҢ» ҚЫСҚА «ШАБЫСЫ»

Қазақстанда көлік құрастыру ниеті бұған дейін де болған еді. 1996 жылы тамызда қазақстандық «Достық-Интеравто» компаниясы мен Оңтүстік Кореяның LG International компаниясы көлік құрастыратын өндірісті ұйымдастыру туралы келісімшартқа қол қойды.

1997 жылы наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы станок заводына барды. Ол заводтың цехтарының бірі оңтүстіккореялық Kia Sportage көлігі негізінде дайын бөлшектерден «Тұлпар» джипін құрастыруға кіріскен. «Тұлпарды» құрастырушылар «бұл көлікті әлі парламент те сатып алатын болады» деп уәде еткен еді.

1997 жылы сәуірде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғашқы «Тұлпар» сыйға тартылды.

Жобаға сәйкес, Алматыдағы станок заводында дайын бөлшектерден құрастырылып, жылына 40 мың «Тұлпар» көлігі шығатын болған. «Тұлпарды» Ақтөбе облысындағы «Ақтөберентген» заводында немесе Павлодар трактор заводында (өнімдерін Ресейге сатып отыру үшін) құрастыру жоспарланды.

Көлікті құрастыратын компания «болашақта экологиялық тұрғыдан мінсіз деуге келмейтін «Жигули» мен «Москвичтерді», шетелдік ескі көліктерді «Тұлпар» ығыстырып шығарады» деп уәдені беріп жатты.

Президентке сыйланған «Тұлпар» Алматыдағы станок заводындағы Қазақстан мен Оңтүстік Кореяға ортақ «Достық-Интеравто» бірлескен кәсіпорнында, Оңтүстік Кореядан әкелінген бөлшектерден құрастырылған еді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шенеуніктер кезекті бір жобаны таныстырып тұр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шенеуніктер кезекті бір жобаны таныстырып тұр.


Бірақ арада бір жыл өтер-өтпесте, 1998 жылы құрастыру цехы жабылып қалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйланған «Тұлпар», бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, алғашқы президенттің Астанадағы мұражайында тұр.

Алматы қаласының анықтама қызметінің дерегіне қарағанда, «Тұлпарды» құрастырған «Станкостроительный завод» компаниясы жұмысын тоқтатқан. «Достық-Интеравто» компаниясын тауып алармыз деген әрекетімізден де ештеңе шықпады. Алматы қаласы анықтама қызметі мұндай компанияның тіркелмегенін айтты. «Достық-Интеравто» коллекторлық компаниялардың бірінің сайтында қарыздар компаниялар тізімінде тұр екен – одан басқа дерегі жоқ.

«Тұлпар» көлігі жасалған станок заводының мекен-жайы - Алматы қаласы, Майлин көшесі 85-үйді интернеттен әлі де табуға болады. Азаттық тілшісі «Тұлпар» құрастырылған сол заводты іздеп, сол адреске барды. Бірақ ол жерде қазір «Кастинг» компаниясына тиесілі завод тұр екен. Бұл компания металл бұйымдарды тоттанудан қорғаумен айналысады.

Завод күзетшісі заводты сыртынан суретке түсіруге ғана рұқсат етті.

Қазақстан егемендігін жариялаған 20 жылдың ішінде елде автокөлік өндірісінің басталғанын мәлімдеген осы сияқты бірнеше науқан өтті. Бірақ ол жобалардың кейбірі ғана (мәселен, Өскемендегі ресейлік «Нива» көлігін құрастыру жобасы) іске асты.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG