Accessibility links

Батыс Қазақстанның пуритан мұсылмандары діни көзқарасын жасыруға мәжбүр


Жылыой мешітіндегі жамағат. Атырау, 22 ақпан 2011 жыл

Жылыой мешітіндегі жамағат. Атырау, 22 ақпан 2011 жыл

Қазақстандағы қауіпсіздік қызметінің діни ахуалды күшпен реттеу әдісінен қорғанып, жергілікті мұсылмандар көзқарасын жасырып жүруге мәжбүр деп жазады батыстық басылым.


Eurasia View («Еуразия вью») сайты наурыздың 21-күні Қазақстанда қалыптасқан діни ахуалды сараптаған мақала басты.

«ПАЙҒАМБАРҒА ЕЛІКТЕУШІЛЕР ҚАТАҢ БАҚЫЛАНАДЫ»

Мақала Атырау қаласының орталық мешітінде жұма намазын оқып болып, тарап жатқан мұсылмандардың түр-тұрпаты мен жүріс-тұрысын сипаттаумен басталған. Мешітке жиналған жамағаттың көпшілігі 30-дар шамасындағы жастар. Олар барынша «пайғамбарға еліктеп», балағы келте шалбар киіп, сақал өсірген, мұрттарын басып қойған. Мешітке кірген-шыққан жұртты көшедегі пошта жәшігіне орнатылған камера түгел түсіріп тұр деп жазады басылым.
30-дар шамасындағы жастар балағы келте шалбар киіп, сақал өсірген, мұрттарын басып қойған. Мешітке кірген-шыққан жұртты көшедегі пошта жәшігіне орнатылған камера түгел түсіріп тұр.

Автордың ойынша, Қазақстанның мұнайлы өлкесіндегі билік өкілдерінің дін ұстанушы мұсылмандарды қатаң бақылауға алып, қайта-қайта тергеп, тексере беруі діншілдердің үкіметке қарсылығын өршітпесе кемітпейді. Осы себепті мұсылмандар діни көзқарастарын барынша жасырғысы келеді. Бірақ олардың оңашалануы қауіпсіздік қызметкерлерінің күмәнін одан сайын күшейтіп жатыр деп жазады басылым.

Eurasia View Қазақстан үкіметінің 2011-ші жылдан бастап, дінді бірден қыспаққа алу себебін, былтыр Ақтөбе қаласында және одан кейін Батыс аймақтарда қайталанған бірнеше террористік шабуылдардан көреді. Автордың пікірінше, Қазақстан парламентінің былтырғы қазан айында дін туралы заңды асығыс қабылдап, қысымды күрт күшейтуі елдегі діни ахуалды одан сайын асқындырды. Соңы полицияның адам атуымен аяқталған Жаңаөзендегі қанды оқиғадан соң да үкімет дінге сенушілерге қатысты қысымды күшейтіп, сол аймақтарға әскерді көптеп төгіп жатыр.

«ЕСЕП БЕРУГЕ ЕТІ ҮЙРЕНГЕНДЕР»

Қысымның себебінен діншілдігін жасырып, білдірмей жүрген бірнеше кісі Eurasia View тілшісіне сұқбат берген. Сақалын қырып тастуға мәжбүр болған 30 жас шамасындағы бір жігіт: «Мен сақал қойып жүре алмаймын. Себебі мектепте мұғаліммін. Бірақ иман жүректе ғой. Сәтін салған күні сақалды қоярмын» деген. Бұрын боксшы болған, ірі денелі діншіл жігіт Ислам талаптарына сәйкес жұмыс уақытында бес уақыт намаз оқығаны үшін сегіз жыл істеген Ақтаудағы жұмысынан айрылғанын айтқан.
Әсіресе, «Таблиғи джамаат» діни ұйымының мүшелері өздерінің ҰҚК-нің ерекше бақылауында екенін, соның кесірінен әлеуметтік, тұрмыстық жағынан зардап шегіп жатқандарын айтып шағымданған.

Мақала авторы Қазақстанның батысына елдің әр аймағынан жұмыс іздеп келіп, діни нанымы үшін қуғындалып, жұмысқа орналаса алмай қиналып жүрген адамдардың көңіл-күйін сипаттаған. Әсіресе, «Таблиғи джамаат» діни ұйымының мүшелері өздерінің ҰҚК-нің ерекше бақылауында екенін, соның кесірінен әлеуметтік, тұрмыстық жағынан зардап шегіп жатқандарын айтып шағымданған. Автордың зерттеуінше, ешқандай ұйымға қатысы жоқ, өзімен өзі жеке жүрген мұсылмандарды да ҰҚК-нің қызметкерлері қайта-қайта шақырып, тергеп отырады. Кейбіреулері тергеуге тұрақты түрде бара беріп, есеп беруге етіміз үйреніп қалды деген.

«ЕҢ ҮЛКЕН ФАКТОР - ҮКІМЕТТІҢ ҚЫСЫМЫ»

Басылым үкіметтің осыншама жан-жақты қысымына қарамастан жұма намазына жиналатын мұсылмандардың жыл сайын көбейіп бара жатқанын жазады. Жергілікті БАҚ-тың және зерттеушілердің дерегінше Исламдағы салафилік ағымның мүшелері ерекше бақылауға алынған. Бұл ағымның өкілдері бақылаудан қауіптеніп, Eurasia View тілшілерімен сөйлесуден бас тартқан.

Алайда мақала авторына атыраулық жергілікті сарапшылардың айтуынша, мұндай қатаң қысым түптің түбінде тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Атыраудағы «Ақ жайық» газеті бас редакторының орынбасары Азамат Майтанов «Дінге шын берілген қарапайым мұсылмандарға қысым жасай беру оларды жиһад идеясын жақтауға итермелейді» деп қауіптенеді.
Дінге шын берілген қарапайым мұсылмандарға қысым жасай беру оларды жиһад идеясын жақтауға итермелейді.

Мақала авторы оның пуритан дін ұстанушылардың Батыс Қазақстанда тез таралу себептерін талдаған бірнеше пікірін келтірген. Атырау Ресейдің Кавказ аймағына өте жақын орналасқандықтан мұндағы мұсылмандардың Солтүстік Кавказдағы радикал исламшылармен байланысқа шығуы оңай деген Майтанов. Оның пікірінше, діни радикализмді өршітіп тұрған ең басты фактор – үкіметтің қуғындауы.

«Біздің полиция мен ҰҚК әлі де советтік кезеңдегі ескі көзқараста қалған. Олар тергеу әдісін және идеологиялық іс-шараларды қалай ұйымдастыру керектігін білмейді. Олар қорқытып, үркітуді ғана біледі. Егер сіз діндар адам болсаңыз және біреу сіздің дініңізге тиіссе, одан сіздің діни сеніміңіз әлсіремейді, керісінше күшейген үстіне күшейе береді» деп мәлімдеген басылымға жергілікті журналист.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG