Accessibility links

Медведев: Аннан - Сирияның соңғы мүмкіндігі


Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта) пен БҰҰ-Араб лигасының Сирия бойынша уәкілі Кофи Аннан кездесіп отыр. Мәскеу, 25 наурыз 2012 жыл
Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта) пен БҰҰ-Араб лигасының Сирия бойынша уәкілі Кофи Аннан кездесіп отыр. Мәскеу, 25 наурыз 2012 жыл
Ресей президенті Дмитрий Медведев жексенбі, 25 наурыз күні Дамаскіге БҰҰ мен Араб лигасының уәкілі Кофи Аннан бұл елдің азаматтық соғысты болдырмау жолындағы соңғы мүмкіндігі деген тұрғыда ескерту жасады.

Аннанмен кездесуден шыққан бойы мәлімдеме жасаған Медведев Сириядағы қантөгісті тоқтату мен гуманитарлық көмек жеткізу мәселесіне қатысты Кремль қолынан келген істің бәрін жасауға тырысады деген пікір айтты.

Аннан Ресей президентінің мәлімдемесіне ризашылық білдіріп, болашақта да Мәскеудің қолдауы мен кеңесіне иек артатынын айтты.

Кофи Аннан Мәскеуге Сириядағы үкімет әскері мен көтерілісшілердің арасындағы атысты тоқтату жоспарына қатысты қолдау іздеп келген еді.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша Сирия президенті Башар Асадтың өз режиміне қарсы шығушыларды қару қолдану арқылы жаныштауы 8 000 адамның өліміне апарып соқтырған.

Ресей мен Қытай соңғы жарты жылда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирия президентін қатаң айыптайтын және биліктен кетуге шақыратын екі қарарын қабылдатпай тастаған.

Бірақ Мәскеу мен Бейжің өткен апта БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Аннанның міндетіне байланысты мәлімдемесін қолдап үн қатқан еді.

23 наурыз БҰҰ Адам құқықтары бойынша кеңесі сириялық үкімет әскерінің іс-қимылын қатаң түрде айыптап, қарар қабылдамақ болған. Бірақ Ресей өкілі бұл қарарға қарсы шығып, құжат тек бір тарапты ғана кінәлі етіп көрсетеді деген уәж айтқан болатын.

СССР кезеңінен бері Сирия мен Ресейдің арасында қызу қару-жарақ саудасы жасалып келеді. Мәскеудің Таяу Шығыстағы жалғыз әскери теңіз күштері базасы осы елде орналасқан.
XS
SM
MD
LG