Accessibility links

Бораттың "гимні" мен "борати" қасиет хақында


Алматыдағы "Қарсылық жиыны" тарқаған соң өзара әңгімелесіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 ақпан 2012 жыл. Көрнекі сурет

Алматыдағы "Қарсылық жиыны" тарқаған соң өзара әңгімелесіп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 25 ақпан 2012 жыл. Көрнекі сурет

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен екі жаңалықты ғана айтайын.


І. ШАМДАНУ

Осы аптада Кувейтте бірінші орын алған қазақстандық спортшы Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде жарысты ұйымдастырушылар Қазақстан гимнінің орнына британдық комик Саша Барон Коэеннің «Борат» фильмінде айтылған әнді ойнатты.

«Борат» жария болған 2006 жылы Ұлыбританияға барған Қазақстан президенті Назарбаев «фильмді көрген соң Коэн мырзаның Қазақстанға ешқашан бармағаны түсінікті болды» дей келе, «Бұл фильм елімізге пайдалы болды. Қазақстанның қандай екенін білгілеріңіз келсе, сіздер де келіп қайтыңыздар» деп, ағылшындарды қонаққа шақырған еді.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы сол кездегі елшісі Ерлан Ыдырысов та:
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов. Ресми сайттан алынған сурет.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов. Ресми сайттан алынған сурет.


– Біз, қазақтар, Боратты ойлап тапқан Саша Барон Коэнге қарыздармыз. Ол көбімізді, тіпті мені де армансыз күлдірді. Бірақ оның пародиялық деректі фильмі ақпарат құралдарының назарын Қазақстанға ерекше аударды – бұрын мен ондайды тек армандаушы едім, – деп ағынан жарылған.

Міне, осы «Қазақстанға пайдалы болған», «қазақтар қарыздар» Бораттың әнін Кувейттегі жарыста спортшы Мария Дмитриенко сүйсіне тыңдағанмен, ол әуен Қазақстан сыртқы істер министрлігіне ұнамапты. Министрлік жарысты ұйымдастырушылардың кешірім сұрауын Қазақстанның атынан талап етті.

Менің ойымша, министрліктің мұнысы жөн болмады.

Өйткені «Боратты» көрсетуге Кувейттің әу бастан тыйым салғанын білесіздер. Бораттың кешегі «гимінен» кейін Қазақстан Кувейтке де танымал болар еді, ол елдің халқы да Астананы көріп қайтуға құмартар еді.

Бұл екі мемлекет те мұнайдың арқасында өмір сүріп жатыр дегенмен, «жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 11 мың АҚШ долларына тең» «демократиялық» Қазақстанға әр адамына 49 мың АҚШ долларынан келетін монархиялық Кувейттің ақылы артық болмас.

ІІ. БОРАТИ «ҚАСИЕТ»

Наурыз айының 24-і күні Алматы қаласында Жаңаөзен оқиғасына 100 күн толуына орай митинг өтті. Менің айтпағым ол емес.

Айтайын дегенім – дәл сол күні сол жерде, Республика сарайы алдында балаларға арналған мереке де өтті. Балалар ән айтып, алтыбақан теуіп, алаңға тігілген киіз үйді тамашалап, қаннен-қаперсіз тойлап жүрді.
Республика алаңында Жаңаөзенге арналған митингімен қатар өткен оқушылар концерті. Алматы. 24 наурыз. 2012 жыл.

Республика алаңында Жаңаөзенге арналған митингімен қатар өткен оқушылар концерті. Алматы. 24 наурыз. 2012 жыл.


Осыдан 100 күн бұрын, 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзен мұнайшылары жеті айдан бері ереуілдеп тұрған қала алаңына да әкімшілік киіз үй тігіп, оқушылар мен жастардың шеруін ұйымдастырып, іс насырға шауып – ақыры ондаған адамның өлімімен, жүздеген адамның жаралануымен аяқталған еді.

Наразы топ жиналған жерге жас балаларды айдап әкеліп, «енді не қызық болар екен» деп тамаша қылатын, ашуланған біреу-міреу киіз үйді қиратса, қуып жүріп ататын «қасиетімізді» көрсе, Бораттың өзі ән айтқанды қойып, тіл-ауыздан қалатын шығар, ә?

Сонда Борекең бізге емес, біз қаннан қорқатын Борекеңе күліп отыратын едік.

Саша Барон Коэн, Қазақстанға бір келіп қайтшы!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG