Accessibility links

HRW: Жаңаөзен бойынша сот әділ өтуі керек


Human Rights Watch ұйымының белгісі.

Human Rights Watch ұйымының белгісі.

Human Rights Watch ұйымы Қазақстан сотынан Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты сот процесін халықаралық талаптарға сай әділ және ашық, көпке жария түрде өткізуге шақырып, мәлімдеме жасады.

Ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Михра Риттман мәлімдемеде: "Айыпты деп танылған 37 адамның ешқайсысын айыбы дәлелденбейінше, кінәлі деуге болмайды. Қазақстан билігі сот процесін халықаралық сот жүйесі талаптарына сай барынша әділ, айыпталушылардың туыстары мен БАҚ өкілдері, мемлекеттік және халықаралық бақылаушылар қатыса алатындай ашық түрде өткізу керек" дейді.

HRW бұл тұста Қазақстан билігінің бұған дейін сот процесін ашық түрде өткізуге уәде бергенін еске салады.

Ұйым бұған қоса оқиға бойынша тұтқындалғандарды азаптады деген кез-келген ақпарды тексеруге шақырады.

17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған (ресми есеп бойынша) Жаңаөзен мен Шетпедегі 2011 жылғы 16-17 желтоқсандағы оқиғалар бойынша сот процесі бүгін, 27 наурызда Ақтауда басталады.

Жоғарғы сот таратқан хабарлама бойынша, сотқа 37 адам айыпталушы ретінде, 100 адам жәбірленуші есебінде қатысады. 45 адам куәлік береді. Сотқа алты мемлекеттік айыптаушы мен 12 қорғаушы да тартылады.
XS
SM
MD
LG