Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотта үзіліс жарияланды


Ақтауда Жаңаөзен оқиғасы бойынша алғашқы сот отырысы басталмай жатып, үзіліс жарияланды.

Сот Ақтау қаласындағы «Арман» орталығында сағат 10-да басталған болатын. Бірақ сәлден кейін келген судья Аралбай Нағашыбаев бір айыпталушы мен оның қорғаушысының сотқа келе алмауына байланысты сағат 15-ке дейін үзіліс жариялаған.

Сотқа Жаңаөзенде тұратын айыпталушылардың туыстары, журналистер, құқық қорғаушылар, қоғамдық комиссия өкілдері келген. Қоғамдық комиссия өкілі Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, залға 200-дей адам сыймай қалған. Қоғамдық комиссия енді бұдан үлкендеу орын сұрап, әкімдікке бармақ.

Сотта жүрген «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің мүшесі Ғалым Ағелеуовтың айтуынша, алғашқы сот отырысында 241 бап бойынша, яғни, «Жаңаөзендегі тәртіпсіздікті ұйымдастыру» ісі бойынша айыпталған 37 азаматтың ісі қаралмақ. Оның екеуі кәмелетке толмаған жасөспірімдер.

Ғалым Ағелеуов Азаттық тілшісіне сот басталмай тұрып ондаған адам жиналғанын, бәрін тексеріп біртіндеп өткізіп жатқанын хабарлаған.

Дүйсенбіде жоғарғы сот өкілі Оксана Петерс Жаңаөзен ісі бойынша 37 адамға айып тағылғанын, олардан өзге, сотқа 100-ден астам жәбірленуші, 45 куә, алты мемлекеттік айыптаушы мен 12 қорғаушы қатысатынын мәлімдеген еді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG