Accessibility links

Қазақ режиссерлері Бораттың бейнесін ұмыттыратын фильмдер түсірмекші


Саша Барон Коэн жаңа фильмін таныстырып тұр. Кельн, 11 қазан 2006 жыл
Саша Барон Коэн жаңа фильмін таныстырып тұр. Кельн, 11 қазан 2006 жыл

Washington Times («Вашингтон таймс») басылымы наурыздың 23-і күні қазақ киносы жайлы мақала басты. Қазақстан үкіметі кино өндірісін дамыту арқылы елдің жағымды имиджін жасағысы келеді деп жазады шетелдік басылым.

«Даңқың» бір шығып кеткен соң одан құтылу оңай емес деп басталады мақала. Әсіресе, 2006 жылы Саша Барон Коен түсірген «Борат: ғаламат Қазақстан еліне пайдалы Американың мәдени танымы» атты комедиялық деректі фильмінен соң, абыройды қалпына келтіру тіптен қиын. Бірақ Қазақстанның кино мамандары Борат тудырған жағымсыз имиджді жойып, елдің кино өндірісін күшейту үшін тарихи фильмдерге бюджеттен ақшаны аямай бөлгізіп жатыр. Сондай картиналардың бірі – алдағы айда Орталық Азияның кинотеатрларында көрсетілуі тиіс «Мың бала» фильмі деп жазады басылым.

ЖҰЛДЫЗДАР ТҮСЕТІН КИНО

Фильм продюсерлерінің бірі Анна Качконың айтуынша «Мың бала» фильмі қазақ халқының тарихы жайында. Бұл туындыда сонымен қатар махаббат, шайқас, достарынан айрылып, олармен қайта табысу сияқты сюжеттер бар.
«Қазақфильм» талантты режиссерлерге қаржылай жәрдем беріп қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанды шетелдік режиссерлер үшін кино түсіру орнына айналдыруға күш салып жатыр.
Мақала авторының айтуынша оқиға желісі 18 ғасырдағы Қазақ хандығын күйрете жаздаған жоңғар шапқыншылығының негізінде өрбиді. Фильмге тапсырыш беруші – «Қазақфильм» киностудиясы. «Қазақфильм» талантты режиссерлерге қаржылай жәрдем беріп қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанды шетелдік режиссерлер үшін кино түсіру орнына айналдыруға күш салып жатыр.

Танымал режиссер Чак Расселл Қазақстанда «Мың бір түн» фильмін түсірмекші. Басылымның жазуынша, басты рөлдерді Дуэйн Джонсон мен Энтони Хопкинс сияқты кино жұлдыздар сомдамақшы. Бұл жобаны түсіруге «Қазақфильм» бюджеттен 70 миллион АҚШ долларын бөлмек. Мақала авторы Качконың қазақ кино өндірісінде біраздан бері тоқырау болып, соңғы үш жылда қарқынды дамып жатқанын, әрі Алматының айналасының кино түсіруге өте қолайлы екендігі туралы пікірлерін берген.

ҮКІМЕТКЕ ТӘУЕЛДІ ӨНЕР

Washington Times неміс сценарисі Вейт Гелмердің Қазақстанда 2011 жылы шытырман оқиғалы, романтикалық «Байқоңыр» атты комедиялық кино түсіргенін жазады. Басылым қысқаша ғана бұл киноның желісі мен сюжеттеріне тоқталып өткен. Гелмердің айтуынша, Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясына 2004 жылы сабақ беруге келгенде мұндағы студенттер түгілі кейбір ұстаздардың да бұрын-соңды киноға түсіп көрмегенін білген. Сөйтсе де олардың арасынан небір қабілетті адамдар ұшыратқан. Оның шәкірттерінің арасында Фархат Шарипов сияқты таныла бастаған актерлер де бар екен.

Гелмер: «Сол кезде керемет студенттер оқыған еді. Қазір олардың біразы Парижде, Лондонда, Мәскеуде жұмыс жасап жүр. Таң қаларлығы, Қазақстанға кино түсіруге барғанымда олардың бір де біреуіне қолым жетпей қалды» дейді басылымға.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) "Көшпенділер" фильмін түсіру алаңында. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) "Көшпенділер" фильмін түсіру алаңында. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл

Шетелдік басылым Гелмердің Қазақстанда қалып, кино түсірумен айналысып жүрген кейбір шәкірттерінің туындысы туралы да аз-кем мәлімет берген. Сонымен қатар автор мақаласында соңғы кезде қазақ киноларында танылып жүрген бірнеше жас актерлердің де ой-пікірлерін келтірген.

Мақала авторы қазақ режиссерлерінің үкімет қолдауына зәру болғандықтан тапсырыс ретінде Қазақстанның қазіргі және ежелгі мәдениетін насихаттайтын, қазіргі жағымды бейнесін сомдайтын фильмдер түсіретінін жазады. Оған дәлел ретінде автор «Қазақфильмнің» былтыр президент Назарбаевтың балалық шағына қатысты да көркем фильм түсіргенін келтіреді.

БОРАТҚА «МЫҢ БАЛАНЫ» ҚАРСЫ ҚОЮ

Washington Times ұлыбританиялық күлдіргі артист Саша Барон Коэнның америкалық өмір сүру салтын «қазақ телевидениесінің жүргізушісі» болып әжуалаған комедиялық фильмін көптеген қазақстандықтар дұрыс қабылдай алмады деп жазады.

«Қазақстанда кино өндірісіне түрткі болған себептің бірі - «Борат» дейді Гелмер. «Бірақ мен өзімнің студенттеріме Бораттың фильмдері Қазақстанды емес, америкалықтарды әжуалаған дегенді түсіндіре алмай әлекпін».
Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Балалық шағымның аспаны" атты фильмнің плакаты
Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Балалық шағымның аспаны" атты фильмнің плакаты

Студенттер Гелмерге шетелде «Қазақстаннанмын десең, бәрі «Е, Борат» деп қарсы алады» деп уәж айтқан. Мақала авторы бұдан соң қазіргі қазақ кино өнерінің тыныс-тіршілігіне, алған бағытына, негізгі көрермендеріне қатысты бірнеше маңызды ақпараттар берген. Жаңа картиналар негізінен жас аудиторияның талғамына бейімделіп түсіріледі. Өйткені Қазақстандағы киноға баратындардың орташа жасы 12 мен 25 арасы деп жазады басылым.

Мақала авторы сәуірдің 26-сы премьерасы өтетін «Мың бала» фильмінің табысты жобаға айналарына сеніңкіремейді. Себебі Қазақстан үкіметі қомақты қаржы жұмсаған «Көшпенділер» фильмі халықаралық деңгейде сәтсіз жоба болып шықты деп қорытындылайды автор.
XS
SM
MD
LG