Accessibility links

Жасанды пальма өсетін жердегі жасанды реформалар


Ақтау қаласындағы тұрғын үйдің сыртқы қабырғасын түгел алып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті. Желтоқсан, 2008 жыл

Ақтау қаласындағы тұрғын үйдің сыртқы қабырғасын түгел алып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті. Желтоқсан, 2008 жыл

Eurasia View («Еуразия Вью») наурыздың 27-сі күні Қазақстанның батыс облыстарында қалыптасқан қазіргі саяси-әлеуметтік ахуал жайлы сараптама мақала басты. Басылым Қазақстан үкіметінің әлеуметтік саясаты тұйыққа тірелді деп жазады.


Мақала жасанды пальма орнатылған Ақтау түбіндегі Каспий жағалауы мен Қазақстанның барлық елді мекендеріндегі көшелерде ілініп тұрған «Еліміздің ең басты байлығы – тұрақтылық пен Қазақстан халқының бірлігі. Н.Назарбаев» деген ұранды сипаттаудан басталады.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ...»

Мақала авторының ойынша, соңғы жылдарға дейін осы ұран Қазақстанның бағытын айқындап беретіндей көрінген. Бірақ кейінгі кездері Қазақстанның «тұрақтылығы» мен «ынтымағына» жайсыздау тиетін оқиғалар болып жатыр. Былтыр мамыр айында Ақтөбеде басталған бірнеше террорлық актілер бірінен соң бірі қайталанды. Ақырында 2011 жылдың желтоқсан айында Жаңаөзен қаласында полиция мен мұнайшылар арасында қанды қақтығыс болды деп жазады басылым.
Күзетке шыққан ішкі істер әскері. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.

Күзетке шыққан ішкі істер әскері. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.


Тұрақсыздықтың елдің батыс аймақтарында басталғаны кездейсоқтық емес деп ойын сабақтайды автор.

Мұнай мен газға өте бай өлкенің халқы әлеуметтік және демографиялық жағынан қатты өзгерген. Батыс өңірдегі әлеуметтік, экономикалық және діни ахуалдың соңғы жылдары шиеленісіп бара жатқанын үкімет адамдары біліп отырса да, оған қатысты ұстанған саясатын өзгерткен жоқ. Оның орнына Астана үлкен жобаларды жоспарлап, Астанаға қолайлы басшыларды аймақтарға тағайындап, қысымды күшейтіп жатыр. Мұндай тактика проблема шешпейді. Керісінше ахуалды асқындыра береді дейді автор.

«БАЙ ӨЛКЕДЕГІ КЕДЕЙ ХАЛЫҚ»

Eurasia View басылымының авторы Қазақстанның 1991 жылдан бергі демографиялық өзгерісіне шолу жасайды. Соңғы 20 жыл ішінде тұрғындарының 17 пайызы елден көшіп кеткен Қазақстан үкіметі халықтың санын көбейту үшін шет елдерде тұратын этникалық қазақтарды тарихи отандарына көшіру арқылы 860 мың адамға оралман мәртебесін берген.

Автордың зерттеуінше, оралмандар мен Өзбекстаннан келетін заңсыз еңбек мигранттарының басым көпшілігі оңтүстік және батыс облыстарға қоныстанғанды дұрыс көреді. Әсіресе олар экономикалық мүмкіндіктері жоғары батыс өңіріне көбірек жиналған. Осының нәтижесінде 1999-2009 жылдар арасында Маңғыстау облысының халқы 67 пайызға, Атырау облысының халқы 32 пайызға күрт өскен. Мақала авторы демографиялық өсімнен соң батыс аймақтарда пайда болған баспанасыздық, жұмыссыздық сияқты тағы басқа әлеуметтік проблемаларға талдау жасаған.
Көше сыпырушы әйелдер демалып отыр. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.

Көше сыпырушы әйелдер демалып отыр. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.


Автордың пайымдауынша, минералды ресурстарға өте бай өлкеде жұмыс істеп жүрсе де, қымбатшылық пен жоқшылықтан көз ашпау қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызған.

Үкіметтің бағдарламалары әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдікті реттеуге қауқарсыз болып шыққан.

«ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЫҢҒАЙЛЫ ЖҮЙЕ»

Басылым Қазақстан үкіметінің керісінше өте ірі жобаларды жүзеге асырғысы келетін амбициясы туралы жазады. Оған дәлел ретінде президент Назарбаевтың халыққа соңғы жолдауында айтқан «баспанамен қамтамасыз ету, жаңа темір жолдарын төсеу, мұнай өңдейтін жаңа зауыттар салу, 2020 жылға дейін 1,5 миллион жұмыс орнын табу» сияқты бастамаларын атап өтеді.

Басылымның жазуынша, осындай ірі жобаларды іске асыру Қазақстанға қиын соқпайтын сияқты. Энерго-ресурстарға өте бай өлке болғандықтан, Қазақстан үшін ақша проблема емес дейді басылым. Мәселе осы жобаларды батыс өңірінде нақты жүзеге асыруда жатыр. Себебі мұнда Ресейдегі сияқты «вертикальды билік» жүйесі құрылған. Қабылданған жоспарды жергілікті билік өкілдері емес, Астанаға тікелей бағынатын лауазымды қызметкерлер шешеді. Мұндай құрылымды билік жүйесі сыбайлас жемқорлыққа жол ашады.
Рұқсатсыз наразылық танытқаны үшін полиция тұтқындамақшы болған әйелге кішкентай қызы араша түсіп жатыр. Атырау, 25 сәуір 2011 жыл

Рұқсатсыз наразылық танытқаны үшін полиция тұтқындамақшы болған әйелге кішкентай қызы араша түсіп жатыр. Атырау, 25 сәуір 2011 жыл


«Вертикальды билік» өміршең болу үшін күш қолдану тәсіліне сүйенуге мәжбүр деген пікір білдірген автор. Қауіпсіздік саласы биліктің мүддесін қорғау үшін тәуелсіз журналистерді, белсенділерді, тіпті үкіметтің саясатын сынайтын қарапайым азаматтарды да қорқытып ұстайды. Осының кесірінен Қазақстан халқы кез-келген мәселені ашық талқылаудан қорқатын жағдайға жетті.

Халқы қорқыныштан үндемей отыруға мәжбүр болған мемлекеттік жүйенің даму бағдарламалары бұқара халық үшін құпия құжаттарға айналады. Астана жергілікті қауымға өзін-өзі басқару тетігін бермейінше, дамудың жаңа толқыны батыс облыстарында тамыр жайған теңсіздік пен әділдікті түбегейлі жояды дегенге сену қиын деп тұжырымдайды ойын мақала авторы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG