Accessibility links

Жаңаөзенде бір айыпталушы үйқамаққа алынды


Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сот отырысы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сот отырысы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот отырысының төртінші күні аяқталды.

Сотқа қатысып жүрген құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің хабарлауынша, жұмадағы сот отырысында судья Аралбай Нағашыбаев айыпталушы Әнуарбек Тәженовті үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. "Тәженовтің қорғаушысы оның аяғынан жараланғанын, әлі емделу қажет екенін айтып, судьядан жазасын жеңілдетуді сұрады" дейді Ғалым Ағелеуов.

Бірақ судья айыпталушы Әнуарбек Тәженовке сотқа тартылғандармен, ақпарат құралдары өкілдерімен сөйлесуге тыйым салды. Тәженов - Жаңаөзен оқиғасы бойынша үйқамаққа алынған сегізінші айыпталушы. Ол 16 желтоқсанда оң аяғынан жараланған.

Сотта бұған қоса тағы бір жәбірленуші айыптылардан материалдық шығын өндіріп алудан бас тартқан.

Бұған дейінгі сот отырысында тергеуге шақырылған сегіз адам айыптылардан материалдық шығын өндіріп алудан бас тартқан еді. Олардың арасында "Ынтымақ" алаңында өртенген киіз үй иелері, көлігі өртенген адамдар, Жаңаөзенде қираған дүкен қожайындары мен басқа да кәсіпкерлер бар.

Судья сот отырысы енді 2 сәуірде, келесі дүйсенбіде өтетінін хабарлады.

Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар бойынша Ақтауда өтіп жатқан сот отырысына 37 айыпталушы мен 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы және 12 қорғаушы қатысып отыр.

Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы 16-17 желтоқсанда болған оқиғаларда ресми есеп бойынша 17 адам қаза тауып, 100 ден астам жараланды.
XS
SM
MD
LG