Accessibility links

Стамбулда "Сирия халқының достары" кездесті


Стамбулда жексенбі, 1 сәуір күні басталған "Сирия халқының достары" саммитіне 60-тан астам елдің өкілдері қатысып жатыр. Жиын кезінде Башар Асадтың режиміне жаңаша қысым жасау мәселелері талқыланбақшы.

Оппозициялық Сирия ұлттық кеңесі ұйымының жетекшісі Бурхан Гальюн кездесу басталар алдында баспасөз мәслихатын өткізіп, оппозициялық Еркін Сирия армиясын қаруландыруға шақырды. Бұл мәлімдеме Дамаскінің оппозиция талқандағаны туралы мәлімдемесінен кейін жасалып отыр.

Сирияның сыртқы істер министрлігінің өкілі Джихад Макдеси: "Сириядағы мемлекетті құлату күресі күйреді, Сириядағы жағдайды тұрақтандыру үшін күрес басталды" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, елдегі өмір әбден бейбіт қалыпқа түскенше үкімет әскері мен танкілері қалалардан шығарылмайды.

Дамаск БҰҰ мен Араб лигасының Сирия дағдарысы бойынша арнайы уәкілі Кофи Аннанның жоспарын қабылдаған еді. Ол жоспар бойынша, Сирия үкіметі өз еліне сенетінін көрсету үшін қақтығыс болған қалалардан әскер мен танкілерді алып кетуі тиіс болатын.

БҰҰ-ның соңғы мәліметі бойынша, Сириядағы толқу басталғалы бері бір жыл ішінде 9 мыңнан астам адам қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG