Accessibility links

Пара алмаса баланы да емдемейтін дәрігерлер


Румыниялық жетім бала. Көрнекі сурет

Румыниялық жетім бала. Көрнекі сурет

Ұлыбританиялық Independent газеті сәуірдің 1-і күні Румынияның балалар ауруханасындағы аянышты ахуал туралы мақала басты. Жалақысы аз дәрігерлер емдегені үшін сәбилердің ата-аналары қосымша пара бермесе, бөбектерді қарамайтын жағдайға жеткен.

Мақала Бухарестегі балалар ауруханасының докторы Каталин Чирстовяну басқаратын соңғы құрал-жабдықпен жабдықталған кардиологиялық бөлімді сипаттаудан басталған. Бір жарым жылдан бері бұл бөлімде бір де бір бала емделмеген. Себебі ол басқаратын бөлімнің қызметкерлері жұмыс жасау үшін науқас адамдардан пара дәметеді деп жазады басылым.

«ПАЙДАСЫЗ ПОЛИКЛИНИКА»

Мұндай жағдайға төзбеген дәрігер Чирстовяну емделуге мұқтаж сәбилерді құтқарып қалу үшін, парақорлыққа қарсы жалғыз өзі жанкешті күрес бастаған. Мақала авторы өжет дәрігердің жүрегінде дерті бар, 13 жасар жасөспірімді пара сұрамай, тегін емдейтін Италияның ауруханасына ұшақпен қалай жылдам жеткізгенін ықыласпен жазады.
Парақорлық әбден тамыр жайып алды. Мұны жою шынында да өте қиын.
Күрескер дәрігер Румынияның медицина саласын дендеп кеткен парақорлық жүйесі жайлы басылым тілшісіне біршама баяндап берген. Дәрігердің айтуынша, медбикелер тіпті науқастың төсегін ауыстырып бергені үшін де пара сұрайды. Осының кесірінен Румыниядағы бала өлімі Еуропа Одағының орташа деңгейімен салыстырғанда екі есе жоғары. Туған 100 нәрестенің біреуі бір жасқа жетпей шетінейді. Денсаулық сақтау министрі Ладизлау Ритлидің өзі парақорлық проблемасы туралы тілшіге: «Ақиқатын айтқанда, парақорлық әбден тамыр жайып алды. Мұны жою шынында да өте қиын» деп мойындаған.

«ОН ЕСЕ АРТЫҚ ШЫҒЫН»

Independent тілшісі Еуропа Одағына мүше ел ретінде Румыния халқының ауруханадағы параның сомасын өзара жиі талқылайтындарын айтады. Автор мақаласында медициналық әрбір көрсетілген жәрдем үшін дәрігерлердің қандай сомада пара алатындарына дейін атап жазады. Оның келтірген мәліметі бойынша, 2005 жылы Румыния бойынша бір-ақ күнде берілген параның сомасы 750 мың евро деп есептелген.

Басылым Румыниядағы операция мен шетелдегі операцияның бағасын салыстырады. Каталинаға операцияны дәрігер Чирстовяну Румынияда жасағанда операцияның парасыз шығыны ары кетсе 2 мың немесе 3 мың еуро болар еді. Ал Италиядағы операция үшін Румыниялық медициналық сақтандыру қызметі 10 есе артық төлеп жатыр. Ай сайын 350 еуро жалақы алатын румындар үшін бұл сома - әжептеуір ақша.
2005 жылы Румыния бойынша бір-ақ күнде берілген параның сомасы 750 мың евро деп есептелген.
Автордың ойынша Румыниядағы балалардың трагедиялық ахуалы әлемге бұрыннан таныс. Диктатор Чаушеску билікте отырғанда демография мәселесін дұрыс реттемей, жоспарлап туу мен абортқа тыйым салған. Сол кезде Румынияның халқы 23 миллионға бір-ақ жеткен. Осыдан кейін мыңдаған тастанды бала пайда болып, жетімдер үйі толып кеткен еді. 1989 жылы диктатор атылған соң жетімдер үйіндегі ауыр жағдай телеэфир арқылы бүкіл әлемге көрсетілді.

Арада 20 жыл өткен соң бұл елдің кемшіліктері тағы да сол балалар проблемасы арқылы көріне бастады деп жазады басылым. Сәбилері дертті болған ата-аналар коррупцияға шырмалып, зардап шегуде. Мақала авторы ол пікіріне дәлел ретінде сәбилері дұрыс ем қабылдай алмай шетінеп, қара жамылған аналардың аянышты халі туралы айғақтар келтірген.

«ЖІӨ-нің ТӨРТ-ақ ПАЙЫЗЫН ЖҰМСАУ»

Қазір дәрігер Чирстовяну басқараты жаңа кардиологиялық бөлім жұмыс жасап тұрған жоқ. Себебі, күрескер дәрігер қол астындағы қызметкерлерге пара алуға мүмкіндік бермей отыр. Пара алып, қосымша табыс таппайтындарын білгендіктен кәсіби деңгейі жоғары мамандар бұл орталыққа жұмыс іздеп келмейді деп жазады басылым.

Автордың пікірінше, Румыниядағы білікті мамандардың басым көпшілігі денсаулық сақтау саласына жалпы ішкі өнімінің төрт-ақ пайызын жұмсайтын мемлекеттен түңіліп, шетелге кетіп қалған. Былтырдың өзінде Румынияның әбден ескіріп, жемқорлық жайлап кеткен медицина саласы мен аз жалақыдан ығыр болған 2800 дәрігер жұмыс іздеп, Батыс Еуропаға кетуге мәжбүр болған. Денсаулық сақтау министрі Ритли: «Шындығында біздің дәрігерлер жоғары жалақы алғанда заңсыз жолмен табыс тауып, пара сұрауға бармас еді. Елдің де сауаты ашылып, денсаулықты мұндай жолмен ғана сақтауға болмайтынын түсінген болар еді» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG