Accessibility links

Дамаск 10 сәуірге дейін әскерді шығаруға келісті


БҰҰ мен Араб лигасының Сирия бойынша өкілі Кофи Аннанның мәлімдеуінше, Дамаск қақтығысты реттеу туралы жоспардың бір тармағы - қалалардан әскер мен әскери техникаларды шығаруға келісті. Бұдан ары әскер шыққаннан екі күн өткенде көтерілісшілермен қақтығысты тоқтату туралы келіссөздер басталмақ.

Аннанның жоспары алты тармақтан тұрады. Жоспар БҰҰ бастамасымен қақтығыстарды тоқтатуға, қалалардан әскер мен әскери техникаларды шығаруға және тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізуге шақырады.

Дүйсенбіде Аннан БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйлеп, кеңес мүшелерін жоспарда көрсетілген мерзімді қолдауға шақырған. Вашингтон "Сирия Аннанның жоспарына дереу мойынсұнуы тиіс" десе, Мәскеу "жоспар мерзімін БҰҰ анықтауы керек" дейді.

Сирия президенті Башар әл-Асад Аннан ұсынған жоспармен келіскенімен, Сирия армиясы көтерілісшілер орналасқан аудандарды әлі де атқылап жатыр.

Сирияда оппозиция Башар әл-Асадтың биліктен кетуін талап етіп келе жатқан бір жылдан аса уақыттан бері БҰҰ дерегі бойынша, 8 мыңнан астам адам қаза тапты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG