Accessibility links

Ақтөбеде түрме басшылары сотталды


5 сәуір күні Ақтөбе қалалық сотының судьясы Мұхамбетқалиеваның үкіміне сәйкес облыс орталығындағы 168/2 түзету мекемесінің бастығы Александр Баталов пен оның орынбасары Еділ Егізеков төрт жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Ақтөбеліктер «алтыншы» деп атап кеткен түрме басшыларына қылмыстық кодекстің 307-бабының 2-бөлімі және 308-бабының 4-бөлімінің «а» пункті бойынша айып тағылған болатын.

Судья Мұхамбетқалиева бүгін «алтыншы» түрменің басшыларына қатысты лауазымдық қызметі мен билігін асыра пайдаланды деген айып бойынша мүліктерін тәркілеп, төрт жылға жалпы режимдегі түрмеге қамау туралы жаза кесті.

Тергеу материалдарына қарағанда, жазасын өтеушілер өзара «жасылдар» мен «қаралар» болып бөлінетін 168/2 түрмесінде өткен жазда ауыр дене жарақатына әкеп соқтырған төбелес болған. «Қаралар» яғни, намаз оқымайтын жазасын өтеушілер «жасылдарды» яғни, намаз оқып, дін ұстанатындарды соққыға жыққан. Тергеу бұл төбелес түрме басшыларының тапсырмасымен болған деп айып таққан еді. Осыған байланысты былтыр қыркүйек айында түрме бастығы Александр Баталов пен оның орынбасары Еділ Егізеков тұтқынға алынған болатын.
XS
SM
MD
LG