Accessibility links

Пәкістан қар көшкіні құрбандарының тізімін жариялады


Кашмирдің Гаяри ауданындағы Сиачин мұздығы

Кашмирдің Гаяри ауданындағы Сиачин мұздығы

Пәкістанның әскерилері сенбі 7 сәуір күні Кашмирдің осы елге қарайтын бөлігінде болған алапат қар көшкіні кезінде қаза тапқан 135 адамның аты-жөндерін жариялады.

Зардап шеккендерді іздеу шарасы сенбі күні кешке ауа-райының қолайсыздығына байланысты тоқтатылып, жексенбі таңертең қайта жалғасқан еді.

Кашмирдің Гаяри ауданындағы Сиачин мұздығына таяу жерде болған қайғылы оқиға орнындағы құтқарушы әскерилер арнайы іздеу техникасын және иісшіл иттерді пайдаланды.

Пәкістан әскерінің өкілі генерал-майор Атхар Аббас Азаттық радиосының Пәкістан қызметіне сенбі күні кейбір денелердің аршып алынғанын, бірақ дәл ақпарат бере алмайтынын айтқан еді.

Аббас кейін лагерьді бір шаршы шақырым көлемдегі тереңдігі 20 метр қар басып қалғанын мәлімдеді. Пәкістандық билік орындары лагерьде болғандардың туыстары үшін ақпарат және кеңес алу орталықтарын ашты.

Қар көшкіні Гималай тауларының шығыс Қарақорым сілемінде болған. Бұл аймақ - 1984 жылы Үндістан мен Пәкістанның арасында қарулы қақтығыс болған әлемдегі ең биік ұрыс даласы деп есептеледі. Жергілікті әскери мамандар осы ауданда қаза болған адамдардың көбі соғыстың емес, табиғи апаттың құрбандары дейді.
XS
SM
MD
LG