Accessibility links

Әлем 100 жыл бұрынғы "Титаник" апатын еске алды


"Титаник" кемесі.

"Титаник" кемесі.

Balmoral және Azamara атты круиз кемелеріне мінген жолаушылар мен экипаж мүшелері Атлант мұхитының 100 жыл бұрын 15 сәуірде "Титаник" кемесі батып кеткен тұсына барып, құрбандарды еске алды.

Тарихтағы ең ірі көлік апаты атанған трагедиялық оқиға кезінде 1 500 шамасында адам қаза болған еді.

Azamara круиз кемесінің директоры Тони Марки жиналған жұртқа қарата:

- Біз 100 жыл бұрын осы кеште Атлант мұхитының мұздай суына батып кеткен 1 503 ер адамның, әйел адамның және баланың рухына тағзым етеміз, - деді.

Бұл іс-шараға дін қызметкері де қатысты.

Екі кеме "Титаниктің" маршрутын қайталай жүзіп отырып, айсбергпен соғылған және батып бара жатқан сәтін бейнелеп дыбыс белгі берді.

Канаданың Галифакс қаласында "Титаниктің" батып өлген 150 жолаушысы жерленген. Бұл қаланың шіркеуі де бүгін қоңырау соғып, құрбандарды еске алды.

"Титаник" кемесі жасалған Ирландияның Белфаст қаласында 15 сәуір күні еске алу бағы ашылды.

1985 жылы "Титаниктің" су түбіндегі қаңқасын тапқан америкалық мұхиттанушы Роберт Балард кеше Белфаста өткен жиында сөз сөйлеп "суасты мұражайын" ашуға үндеді.

Англияның Личфильд қаласында 300 адам трагедиялық оқиғаны еске алды. Бұл қалашықта "Титаниктің" капитаны Эдуард Смит туған.

"Титаник" 1912 жылы 15 сәуірге қараған түні Англиядан Нью-Йоркке жүзіп бара жатып суға батқан сәтінде әлемдегі ең ірі, әрі жайлы мұхит лайнері болатын. Апат кезінде борттағы 2 208 жолаушы мен экипаж мүшесінің 1 503-і қаза тапқан еді.
XS
SM
MD
LG