Accessibility links

Пәкістанда түрмеден 400-дей адам қашып шықты


Пәкістандағы түрмеге қамалғандар. Көрнекі сурет.
Пәкістандағы түрмеге қамалғандар. Көрнекі сурет.
15 сәуір күні таңертең Пәкістанның солтүстігіндегі түрмелердің біріне жасалған шабуыл кезінде 400-ге тарта тұтқын қамаудан қашып шықты.

Қарулы топ Бану қаласындағы түрмені сырттан бұзып кірген. Азаттық радиосының Пәкістан қызметіне комментарий берген жергілікті шенеуніктердің айтуынша, қарулы топ бұрынғы президент Первез Мушаррафты өлтірмек болған Аднан Рашидты қамаудан шығарып алмақшы болған.

Полиция 384 жазасын өтеуші адам қашып кетті деп хабарлады. Хайбер-Пахтунхва провинциясының ақпарат министрі Миа Ифтихар Хусайн Азаттық радиосына:

- Қашып кеткен 384 адамның 12-сі өлім жазасына кесілгендер еді. Первез Мушаррафты өлтірмек болған адам да қашып шыққан. Түрмеге шабуыл жасаушылардың саны өте көп болған. Пәкістандық "Тахрек-е Талибан" ұйымы шабуылды біз жасадық деп хабарлады. Біз мұндай шабуылдың қалайша жүзеге асқанын тексеріп жатырмыз, - деп мәлімдеді.

Мир Лаиқ Хан есімді түрме күзетшісінің сипаттауы бойынша шабуыл жасаған қарулы топ бірнеше көлікпен келген. Жолын бөгемек болған күзетшілерді гранатометпен атқылаған.

Талибан өкілі Асим Мехсуд Азаттық радиосының Пәкістан қызметіне шабуылды біз жасадық деп мәлімдеді. Мехсудтың айтуынша, Бану түрмесін 150-ге жуық жанкешті қоршауға алып, бұзып кірген.

Пәкістандық билік өкілдері қашып шыққандардың жетеуі қайта қолға түсті деп хабарлады.
XS
SM
MD
LG