Accessibility links

Астана, Киев пен Мәскеу әлемдегі астық саудасына қожа болу мүмкіндігінен айырылып отыр


Ақтау портындағы астық тиеу терминалы. 15 наурыз 2012 жыл

Ақтау портындағы астық тиеу терминалы. 15 наурыз 2012 жыл

Батыс басылымы бидайды әлемдік нарыққа шығару үшін үш елдің арасындағы инфрақұрылым жеткілікті дамымаған деп жазады.

Neurope.eu сайты сәуірдің 17-сі күні Ресей, Қазақстан және Украинаның астық саудасына қатысты мақала басты.

«ОРТАҚ ҚАМБА»

Neurope.eu веб-сайтының жазуынша, әлем бойынша ең ірі бидай өндіруші елдер Ресей, Қазақстан және Украина биыл шамамен 55-56 миллион тонна астық жинаған. Бұл үш мемлекет болашақта «астық одағын» құрып, әлемдік нарықтағы бидай бағасына ықпал етуді көздеп отырғандай көрінуі мүмкін. Алайда дәл қазір бұл үшеуі ортақ мәмілеге келе алмай жатыр. Қазақстан мен Ресей арасындағы «ортақ қамба» мәселесі Кеден Одағы аясында бірден шешілгенмен, Украина үкіметі бұл жобаға сондай ынтық емес деп жазады мақала авторы.
Ресейдің Волгоград облысындағы қырман көрінісі. 7 шілде 2006 жыл

Ресейдің Волгоград облысындағы қырман көрінісі. 7 шілде 2006 жыл


Веб-сайттың келтірген дерегі бойынша биыл Ресей 26 миллион тонна, Украина 17 миллион тонна, Қазақстан 13 миллион тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр. Қазақстан өз астығының 4 тоннасын ұн түрінде сатқысы келеді.

Әзірше бұл үш елдің осы жобаны іске асыруына ең басты кедергі – астықты әлемдік нарыққа алып шығатын инфрақұрылымның нашарлығы. Сондықтан бұл үш мемлекет ортақ қамба жасау мақсатында мүдделері бір болмаса да, әлемдік нарыққа шығу үшін тауар тасымал жолдарын жақсарту мәселесінде одақтасуға мәжбүр.

«КЕДЕРГІ - УКРАИНА»

Автордың зерттеуінше, үш елдің арасында «астық одағын» құру мәселесі соңғы жылдары бірнеше рет көтерілген. Бірақ бұл жоспар таяу арада шешілмейтін сияқты. «Астық одағын құрудың экономикалық тиімділігін көре тұра мұндай салғырттықтың себебі не?» деген сұрақты үш елдің өкілдері өткен аптада Мәскеу-Астана-Киев телеконференциясында талқылаған.

Интернет басылым осы жобаға Ресей жағынан жауапты өкіл Артем Злочевскийдің пікірін келтіреді. Оның ойынша, «астық одағы» Украинаның бұл жобаға құлықты болмауының кесірінен тоқтап тұр. Злочевский бастаманы реттейтін арнайы топ құрылғанымен, соңғы шешім кейінге шегерілген. Қазақстан мен Ресей Кеден Одағына мүше болғандықтан тауарын өзге елдің жерімен және темір жолымен тасығаны үшін артық салық төлемейді. Бұл жағынан алғанда Ресей мен Қазақстанға тиімді. Бірақ Украина бұл одаққа кірмесе, бастамадан пайда жоқ деген пікір айтады.
Украинадағы егін алқабы. 2 шілде 2009 жыл.

Украинадағы егін алқабы. 2 шілде 2009 жыл.


Мақала авторы ресейлік өкілдің бұл сөзіне қарсы Украинаның астық ассоциацияның президенті Владимир Клименконың пікірін берген. Украина өкілінің айтуынша, астық одағына кіруге Украина үкіметінің құлықсыздығы ғана емес, тауар тасымалдайтын инфрақұрылымның нашарлығы да кедергі. Олардың есептеуінше, Украинада астықты вагондарға тиеп, құжаттарды рәсімдеу кезінде уақыттың 85 пайызы шығын болады. Украинада астықты вагондарға қайта тиеу үшін сегіз күн уақыт кетеді. Вагон қоятын бекеттердің жетіспеуінен 2000 вагон құр босқа қарап тұрады дейді ол.

Клименконың ойынша, бұл жобаны сәтімен іске асыру үшін үш мемлекет те өздерінің жүк тасымалдайтын инфрақұрылымдарын дамытуы тиіс. Инфрақұрылым жақсармай шетке астық тасу – ақшаны желге шашу. Әлемдік нарық сапасы жоғары сапалы астықты талап етеді. Сондықтан бұл проблеманы бірлесе отырып шешкен абзал. Украинаға талапқа сай астық сақтап, тауар артатын жаңа бекеттер салу үшін 6 миллиард АҚШ доллары керек.

«ЖОЛҒА ЖҮЗ-АҚ ДОЛЛАР ТӨЛЕЙМІЗ»

Мақала авторы осы мәселеге жауапты Қазақстанның Астық одағының президенті Нұрлан Төлеубаевтың да пікірін берген. Төлеубаев та бұл жобаға қатысты айтылған кедергілерді растаған. Оның келтірген дерегі бойынша Қазақстанның астығына Орталық Азияда, Ауғанстанда, Иранда сұраныс өте күшті. Парсы шығанағы елдерінің Қазақстан бидайына деген сұранысы өндірістен үш есе жоғары.

«Бізге қолайлы бағыттағы жүк тасымал жолдары жеткілікті дамымаған» дейді ол. Бұрын Қазақстан астығы Иранға Өзбекстан мен Түркіменстан жері арқылы жеткізілетін. Ол Иранның астық артатын вагондары болмауының кесірінен Қазақстанның вагондары елге екі ай кешігіп оралатынын айтады.

Төлеубаевтың сөзінше, Ақтау қаласында теңіз арқылы астық жөнелтетін бір-ақ терминал бар. Бірақ оның да техникалық мүмкіндіктері шектеулі. Әр кемеге астық тиеу екі күнге созылады. Одан бөлек үшінші жол Қара теңіз бен Балтық теңізі арқылы өтеді. «Ал Ресей жерімен тасымалдауға бар болғаны 100-ақ доллар (бір кемеге - ред.) ақша шығын болады. Ол жақта инфрақұрылым жақсы дамығандықтан астықты сол жақпен жөнелтіп жатырмыз» дейді Нұрлан Төлеубаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG