Accessibility links

Сот желтоқсаншының шағымын қанағаттандырмады


Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан бұрынғы мектеп оқушысы Екпін Шардаров.

Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан бұрынғы мектеп оқушысы Екпін Шардаров.

Бейсенбіде Алматы қалалық сотында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Екпін Шардаровтың Түрксіб аудандық сотының талабын қанағаттандырмау жайлы шешіміне қарсы шағымы қаралды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне оның ағасы әрі қорғаушысы Сәкен Шардаров хабарлады.

Оның айтуынша, Екпін Шардаров мектепте жоғары сыныпта оқып жүрген кезінде Желтоқсан оқиғасына қатысып, басынан жарақат алған. Осы себепті ол бұған дейін Түрксіб аудандық сотынан өзіне "қуғын көрді" деген статус беріп, реабилитациялауды сұрап шағымданған. Бірақ 27 ақпанда Түрксіб аудандық сотының судьясы Күлейхан Боташева Екпін Шардаровтың талабын қанағаттандырмау жайлы шешім шығарды.

Ал бүгін шағымды қараған Алматы қалалық сотының судьясы Мұқатова Түрксіб аудандық сотының шешімін күшінде қалдырып, оның талабын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.

Бірақ қорғаушы Сәкен Шардаров мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, шағымды қарау барысында заң бұзушылық көп болған. "Судья президенттің 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы жарлығын есепке алмай отыр. Екпін Шардаровтың желтоқсан оқиғасында денсаулығына зақым келгені туралы медициналық сараптама қорытындысы да еленбеді" дейді Сәкен Шардаров.

Айтуына қарағанда, сот шешімінде заңға қайшы келетін тұстар жеткілікті.

Екпін Шардаров мұнымен келіспей, апелляциялық сотқа шағым беретіндерін айтады.
XS
SM
MD
LG