Accessibility links

Тоқтар Әубәкіров "Азат" ЖСДП қатарынан шықты



Жұма күні Қазақстанның мемлекеттік арналары қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, саясаткер Тоқтар Әубәкіровтің ЖСДП қатарынан шыққандығын хабарлады.

Ол әу баста «Азат» ЖСДП-ға кіру себебін "бұл бірлескен партия өзінің алдына қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұстарын дамыту бағдарламасын құру туралы мақсат қояды деп шын сендім" деп түсіндірді.

- Партияның мақсаты - қазіргі билік пен Президентке қарсы шығу емес, керісінше, халықтың игілігі үшін ортақ стратегиялық мақсаттарға жетуге үн қосу болуы керек. «Азат» партиясының стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті табысты дамытудың нақты жоспары болған жоқ. Сондықтан да, мен «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қатарынан шықтым, - деген Тоқтар Әубәкіров өзін "үлгі етіп осы партияға өткен адамдардың бәрінен" кешірім сұрады.

"Бүкіл Қазақстан халқын күш-жігері мен білімін және тәжірибесін Отанға қызмет етуге, гүлденген Қазақстанды құруға жұмсауға шақырған" Тоқтар Әубәкіров:

- Мен бұл іске тікелей атсалысып, тұңғыш президенттің командасында болғым келеді! - деп аяқтады.

Тоқтар Әубәкіров (1946 жылы туған) - Совет Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы. Ол 1991 жылы қазанның 2-сінде ғарышқа көтеріліп, қазақтан шыққан тұңғыш және СССР-дің соңғы ғарышкері атанған.

2009 жылы ЖСДП қатарына қабылданған Тоқтар Әубәкіров 2012 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауына ЖСДП кандидаттарының бірі ретінде ұсынылған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG