Accessibility links

Орыс православие шіркеуі дінді қорғауға шақырды


Орыс православие шіркеуінің қызметкері көп алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2012 жыл
Орыс православие шіркеуінің қызметкері көп алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2012 жыл

Ресейдегі орыс православие шіркеуінің жетекшілері ел бойынша діни сенім мен қорланған киелі орындарды қорғау күні атты акция өткізуге шақырды. 22 сәуір күні басталған іс-шараны бірқатар қоғамдық ұйымдар мен белсенділер қолдап шықты.

Бұл іс-шараға түрткі болған жайт - кейбір діни қызметкерлер үшін киелі орынды қорлау болып көрінген ресейлік музыка тобының шіркеуге баса-көктеп кіріп ән салуы. Орыс православие шіркеуінің Ресейдегі президент сайлауы қарсаңында Владимир Путиннің кандидатурасын ашық қолдап шығуына қарсы болған Pussy Riot ("Пуси Райэт") атты қыздар тобының әрекеті діни басшылықтың наразылығын тудырған. Бұл топ биылғы ақпан айында Мәскеудегі Құтқарушы Ғайса шіркеуіне кіріп діни басшылықтың Путинді қолдауын әжуалап ән айтқан еді.

Патриарх Кирилдің үндеуіне елітіп ондаған мың Мәскеу тұрғыны бүгін Құтқарушы Ғайса шіркеуінде өткен дінді және қорланған киелі орындарды қорғау акциясына қатысты.

Патриарх таңғы құлшылықтан кейін шіркеу ішіндегі киелі деп саналатын иконалар мен өзге де заттарды сыртқа алып шығып, көпшілікке көрсетті. Осыған ұқсас діни шаралар Ресейдің бірқатар қалаларында өтіп жатыр.

Мәскеуде шіркеуге қолдау білдіруші кейбір қоғамдық ұйымдар мен белсенділер сенбі күні-ақ шіркеудің маңына жинала бастаған. Қала әкімшілігі дәл осы күні Pussy Riot тобының қолдаушылары өткізетін бөлек демонстрацияны қадағалауға мыңдаған полицейді жұмылдырып отыр.
XS
SM
MD
LG