Accessibility links

Алматыда "Жердің бір күні" фильмі көрсетілді


NASA түсірген Жер планетасының көрінісі. 26 қаңтар, 2012 жыл. Көрнекі сурет.

NASA түсірген Жер планетасының көрінісі. 26 қаңтар, 2012 жыл. Көрнекі сурет.


Алматыда "Жердің бір күні" (One Day On Earth), фильмінің премьерасы өтті. Бұл туралы Tengrinews.kz агенттігі іс-шараның ұйымдастырушыларына сілтеме жасай отырып хабарлады.

"Жердің бір күні" - дүниенің түкпір-түкпірінде бір күнде, бір сәтте болған оқиғаларды бейнетаспаға түсіріп, көрерменге ұсынған жоба. 2011 жылғы 10 қазан күні әлем бойынша 19 мың деректі фильм режиссері, студенттер мен идеяны қолдаушы қарапайым адамдар 192 елде 24 сағат бойы төңірегінде болып жатқан оқиғаларды түсірген еді. Жиналған 3 000 сағаттық бейнематериалдың ең үздіктері таңдалып алынып, қалғандары жалпы қорға түскен.

Акцияға БҰҰ Даму бағдарламасы қолдау жасаған. Деректі фильм адам назарын кедейлік, кемсітушілік, адам құқықтары және экология сияқты ғаламдық мәселелерге аударады. Фильм дүниежүзі бойынша 2015 жылға дейін көрсетіле береді.

Алматыдағы фильмнің жалғыз көрсетілімі "Цезарь" кинотеатрында түскі сағат 12.00-де басталған. Ғаламдық деректі туындыны тамашалуға 300 орындық залға 50-ақ көрермен келген. Жобаның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, "Жердің бір күні" фильмін түсіруге Қазақстаннан тоғыз адам қатысқан.

22 сәуір БҰҰ-ның бастамасы бойынша Жер планетасының күні ретінде аталып келеді. Бүгін осы оқиғаға орай сөз сөйлеген БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун алдағы 20 жылда Жер тұрғындарына көбірек тамақ, энергия, су және жұмыс орны қажет болады. Ол маусым айында Рио-де-Жанейрода БҰҰ Тұрақты даму бойынша
өткізетін конференцияны экология және даму мәселелерін шұғыл түрде шешу үшін жасалатын мүмкіндік деп атады.
XS
SM
MD
LG