Accessibility links

Тоқтар, Лұқпан һәм «Сеньор Президент»


Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров екі оппозицялық партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.
Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров екі оппозицялық партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. АЛҒЫС

Жұма, 20 сәуір күні күні қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ЖСДП қатарынан шыққанын хабарлады.

«Партияның мақсаты - қазіргі билік пен Президентке қарсы шығу емес, керісінше, халықтың игілігі үшін ортақ стратегиялық мақсаттарға жетуге үн қосу болуы керек. «Азат» партиясының стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті табысты дамытудың нақты жоспары болған жоқ» деді Тоқтар Әубәкіров.

Тоқтар Әубәкіров 2009 жылы 25 қазанда ЖСДП және «Азат» партиясы біріккен күні сол ұйымның қатарына қабылданған сәтте:
Тұңғыш қазақ ғарышкері, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров (сол жақта) және «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.
Тұңғыш қазақ ғарышкері, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров (сол жақта) және «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.

– Бүгін қарапайым халық армандаған күн туып отыр деп мен санағым келеді. Бүгін тарихи күн. Қазақстанның екі оппозициялық белді партиясының бірігуін көп адам күтті. Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Бұл менің арманым еді. Мен қашан елде халықтық партия пайда болады, соған қашан кіремін деп ұзақ күттім, – деген еді.

Тоқтар Әубәкіров өзінің «ғарышқа ұшқаны» үшін, «ең жоғары марапаттар мен атақтар алғаны» үшін, «халықтың құрметіне бөленгені» үшін, «саяси қайраткерге айналғаны» үшін, «үш рет парламент депутаты болып сайланғаны» үшін, «әртүрлі мемлекеттік қызметтер атқарғаны» үшін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.

Тұңғыш ғарышкер бұл мәлімдемесінде «президент» деген сөзді сегіз рет, «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» деген адамның есімін үш рет айтты.

P.S. «Азаматтар! Президент мырзаның атын айту – Оның дана басшылығымен бар саладағы өркениетке жеткен, әлі де ие болып жатқан Ұлттың киелі мүддесіне нұр шашу деген сөз!!!

Отанға байланған өз тағдырымыздың жауапкершілігін сезінетін азат, тәртіпті, анархияға қарсы азаматтар ретінде: «Республиканың гүлденуі тек біздің ұлы президентімізді қайтадан сайлауға, ТЕК ОНЫ ҒАНА ҚАЙТАДАН САЙЛАУҒА тәуелді» деп мәлімдейміз.

Заманымыздың ең ұлы мемлекет қайраткері, тарих кейін оны «Ұлылардың ұлысы», «Ғұламалардың ғұламасы», «Азаттықтың жоқшысы», «Ойшыл», «Демократ» деп атайтын адам басқарып келе жатқан мемлекет деген кемені қауіпке душар етудің не керегі бар?

«Бұл ең лауазымды қызметте Ол кісі емес, басқа біреу де отыруы мүмкін» деп ойлаудың өзі – ұлт мүддесіне, яғни біздің мүддемізге қарсы қылмыс. Ондай сөзді айтуға дәті барар біреу шықса, ондай адамды қоғамға қауіпті есуас ретінде торға тоғыту керек. Егер ол адам есуас болмаса, біздің заңға сай Отанын сатқан адам есебінде жазасын алуы керек.

Азаматтар! Дауыс беріңіздер! Халық Қайтадан Сайлайтын Біздің Кандидатқа Дауыс Беріңіздер!!!»

Дауысы қырылдаған аласа бойлы, кәрі, таз, түрі оғаш, үсті-басы кір-кір адам осы ұранды ірі әріппен басқан қағаздың орауын жазды. Оның қасындағы екеу бұл қағазға қара балауыз жағып, мейрамханадағы айнаның біріне жапсырды.

ІІ. ДҮРЕ

«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа сәуірдің 19-ы түнде үйінің қасында қарулы қастандық жасалды.

Әріптестерінің айтуынша, Лұқпан Ахмедьяров шамамен кешкі сағат он жарымдарда сыртқа шыққанда подъезд алдында белгісіз біреулер оған шабуыл жасап, сегіз рет пышақтап, травматикалық қарумен атып кеткен. Жараланған журналистке ауруханада операция жасап, жанын алып қалды. «Жара» демекші:

– Президенттің мәңгілік тұрақтылық деген идеясы – тоқырау. Ештеңені болжап болмайды. Осы күйімен кете берсе, қазіргі былықтың бар кесірін біздің бала-шағамыз көреді. Бұл шіріген тіс сияқты. Дәрігерге баруға қорқып жүре бергеніңізбен бір күні жараңыз асқынады, – деген еді президент Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жайлы референдум өткізуге қарсы болып, 2011 жылы 6 қаңтарда наразылық шарасын өткізген журналист Лұқпан Ахмедьяров.

P.S. «Республиканың Мәңгілік Конституциялық Басшысы, Ұлы Либералдық Партияның Көсемі, Отанның Құтқарушысы, Балалар мен Әйелдердің және Білімнің Қорғаны, Мемлекеттің Қаһарманы, Жастардың Жебеушісі – Президент бұл кезде бір құжатқа қол қойып жатқан.

«Әлгі хайуанды шақырыңдар» деген соң ішке кірген шал Президенттің қасында қағаз ұсынып тұр. «Әлгі хайуан» киімі жұтаң, терісі тышқанның баласыныкі сияқты қызылшақа, ақшыл шашы сирек, көзі тұманданған, жұмыртқаның сарысы түстес көзілдірігі бар адам екен. Президент соңғы қағазға қол қойды. «Әлгі хайуан» «сиясын тезірек кептіре қояйын» деген кезде сиясауытты қағып кетіп, жаңа ғана қол қойылған қағазға құлатып алды.
"Қол". Сәбиттің карикатурасы.
"Қол". Сәбиттің карикатурасы.

– Әй, хайуан!

– Пре…зи…дент мыр... за...

– Хайуан!

Қоңырау соғылды... Тағы... тағы соғылды. Есіктен адъютант көрінді.

– Генерал, мынаған – екі жүз дүре. Шапшаң! – деді де, Президент үйіне кетті. Түскі астың уағы болған еді.

«Әлгі хайуан» үн-түнсіз жылап тұрды. Жас сорғалаған көзіне өзінің амандығын тілеп отырған қартаң зайыбы, жүдеу алты баласы елестеп кетті. Көйлегі арқасына жабысып қалды – өмірі бүйтіп терлемеген еді. Қатты жылауға да болмайды президенттің алдында! Қорқынышты, үрейлі...

Шалды сүйреп әкеткен адъютант бірнеше минуттан кейін ас бөлмеге келді:

– Рұқсат етіңіз, Президент мырза.

– Кіріңіз, генерал.

– Президент мырза, мәлімдеуге рұқсат етіңіз – «әлгі хайуан» екі жүз дүрені көтере алмады.

Президентке қуырған картоп ұсынып тұрған қызметші әйелдің қолындағы табақ дірілдеп кетті.

– Неге дірілдейсіз? – деді Қожайын дауысын қатайтып. Содан соң фуражкасын ұстаған күйі басын әлі иіп тұрған генералға қарады: – Жарайды. Бара беріңіз.

Қызметші әйел табағын көтерген күйі генералға ере шығып, «әлгі хайуанның» екі жүз дүрені неге көтере алмағанын сұрады.

– Негесі несі? Өліп қалды.

Қызметші әйелі табағын тастамаған қалпы ас бөлмеге қайтып келді де:

– Президент мырза, – деді жыламсырап, түк болмағандай тамағын ішіп отырған Қожайынға қарап: – Әлгі адам дүрені көтере алмай өліп қалыпты.

– Енді неғыл дейсіз маған? Десерт әкеліңіз!»

ІІІ. БАЙ МЕМЛЕКЕТ

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов сәуірдің 20-сы күні Астанада өткен ғылыми-практикалық конференция барысында бір жақсы болжам айтып, бәрімізді қуантып тастады.

– Еліміздің экономикалық дамуы аса қарқынды. Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) сомасы 11 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Қазақстан Шығыс Еуропаның Болгария, Румыния және тағы басқа бірқатар мемлекеттерін басып озып, Польшаны қуып жетті. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, біз орта табысты елдердің қатарындамыз. 2015 жылға қарай біздің мемлекеттік стратегияға сәйкес, ЖІӨ-нің деңгейі 15 мың АҚШ долларынан асуы тиіс. Дүниежүзілік банк бойынша, Қазақстан халық табысы жоғары мемлекеттер тобына енеді. Онда біз Жапония, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және басқа да дамыған елдерді қуып жетеміз, – деді депутат.

P.S. «– Өзім де Сізден басқа сөз күтпеп едім. Сіздің бұл елді басқарғаныңыз жөн емес деп көбі айтып жүргендей...

Президент жылан шағып алғандай атып тұрды:

– Кім айтып жүр?

– Әуелі мен айттым! Мен айттым, Президент мырза! Мен де Сіздей адамның кем дегенде Францияны, немесе азат Швейцарияны, әлде еңбекқор Бельгияны, не көрікті Данияны билегенін жөн көремін. Жоқ, Франция дұрыс... Франция! Сіз Гамбетта мен Виктор Гюгоның ұлы халқы өз тағдырын сеніп тапсыруға лайық адамсыз, – деді Президенттің сүйікті кеңесшісі.

Президент болар-болмас қана миығынан күлді. Көзілдірігін ақ жібек орамалымен сүртіп, сәл үнсіз отырды да сүйікті кеңесшісінен көзін тайдырмаған күйі сөйлеп кетті.
Саяси карикатура. (Көрнекі сурет)
Саяси карикатура. (Көрнекі сурет)

Бұл кезде жапандағы түнерген қаланың теңізден де жалпақ көшелерінен шыққан қайыршылар Президент сарайының ығына келіп жиналып жатқан еді. Олар құдайдың құтты күні кеш түсіп, жұлдыз шыққанда Президент сарайын паналап, бір-бірімен ұрсысып, жұлқыласып, тістесіп, тырналасып, қолға іліккен қоқысты лақтырысып жататын.

Күні бойы тапқандарын – тамақтың қалдығы, жыртық киім-кешек, газетке оралған бір уыс күріш, апельсиннің жұқанасы, шіріген банандарын – жастанып ұйқыға кететін. Ояулары тиын-тебендерін санап, тістеп көріп, енді бірі кепкен нанның қалдығын ешкімге көрсетпей кеміріп отыратын.

Президент мырзаның халқы өте сараң еді: қолда барын бір-бірімен бөліскеннен гөрі итке тастағанды жөн көретін».

Ескерту: Пост скриптумдағы (P.S.) – менің сөздерім емес, Гватемала жазушысы Мигель Анхель Астуриастың 1946 жылы жазған «Сеньор Президент» деген романынан үзінділер. Жай әншейін есіме түсіп кетті...
XS
SM
MD
LG